Алғашқы оңтүстіккореялық барлау спутнигі Пхеньяннан түсірілген сапалы суреттерді жіберді. Бұл жөнінде Оңтүстік Корея әскеріне сүйенген "Рёнхап" агенттігі хабарлады.
Агенттік дерекккөздерінің жазуынша, суретте Солтүстік Кореяның астанасының орталығы және порттағы кемелер жақсы көрінеді. Дереккөздер нақты қандай нысандар суретке түсірілгенін айтпады. Пхеньянның орталығында Корея еңбек партиясының штаб-пәтері – Солтүстік Корея жетекшісі Ким Чен Ынның кеңсесі орналасқан.
Ақпаратқа қарағанда, суреттер біраз өңделуге тиіс, алайда жуырда олардың сапасы жақсара түспек. Спутник жазда толық жұмыс режиміне көшеді.
Оңтүстіккореялық спутник былтыр 2 желтоқсанда Американың Калифорния штатындағы Ванденберг әскери базасынан SpaceX компаниясының Falcon 9 ракетасының көмегімен ұшырылған.
Оңтүстік Корея 2025 жылға дейін орбитаға тағы төрт спутник шығаруды жоспарлап отыр. Екінші спутник сәуір айында ұшырылады.
Солтүстік Корея барлау спутнигін былтыр қараша айында ұшырған. Ол АҚШ-тың негізгі әскери-теңіз базасы "Норфолкты", Вирджиния штатындағы аэродромды, сонымен бірге Пентагон және Ақ үйді суретке түсірген.
Солтүстік Корея алғашқы әскери барлау спутнигін сәтті ұшырған сәтте былтыр жыл соңында Оңтүстік Корея ғарыш бағдарламасын іске қосқан. Сеулдің түсіндіруінше, оның басты мақсаты Солтүстік Кореяның әскери белсенділігін бақылау, сонымен бірге Пхеньян тарабынан қатер төнген жағдайда ракета және ядролық нысандарына ескерту мақсатында соққы жасау мүмкіндігіне ие болу.
ПІКІРЛЕР