Алматы әкімдігі 4 наурыз күні болған жер сілкінісінен кейін қалада 384 қабылдау пункті ашылғанын хабарлады. Оларды 2ГИС картасынан "зардап шеккен халықты қабылдау пунктері" деп іздеп табуға болады.
Әкімдік жергілікті полиция қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқанын, барлық аурухана мен жедел жәрдем қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін айтты.
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсембаев афтершоктар болуы мүмкін екенін ескертіп, жұртты дүйсенбі күні сағат 16.00-ге дейін қаладағы арнайы пунктерде қалуға шақырды.
Қалалық білім басқармасы жер сілкінісіне байланысты дүйсенбі күні қаладағы мектептер мен колледждерде екінші ауысымда сабақ болмайтынын, ата-аналар өз қалауы бойынша балабақшадан балаларын үйге алып кете алатынын хабарлады.
Алматы метросы қазір жұмысын тоқтатқан. Мамандар туннельдерді тексермек. Метро әкімшілігі метро ТЖД рұқсатынан кейін, шамамен үш сағаттан соң жұмысын жалғастырады деп мәлімдеді.
Алматы әуежайы әдеттегі режимде жұмыс істеп жатқаны туралы ақпарат таратты.
Алматыда 4 наурыз күні сағат 11:22-де жер сілкінді. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті жер сілкінісі МSК-64 шкаласы бойынша 5 балға тең болғанын хабарлады.
ТЖД мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан 31 шақырым қашықта, жер бетінен 10 шақырым тереңде болған. Жер дүмпуінің магнитудасы - 6.1.
Сейсмикалық зерттеу ұлттық институты орталығы жергілікті уақытпен сағат 12:54-те Алматының оңтүстік-шығысынан 255 шақырымда, Қытай аумағында афтершок тіркелгенін хабарлады. Бұл дүмпу Алматыда 2 балл болып сезілген.
Қазақстанның оңтүстік өңірлері, соның ішінде Алматы қаласы, Алматы облысы, Жетісу облысы, Жамбыл облысы және Қытаймен шекаралас аудандар сейсмикалық аймаққа жатады.
ПІКІРЛЕР