Никки Хейли АҚШ астанасы Вашингтонда өткен Республикалық партия праймеризінде озды. Оның серіктестері таратқан мәліметке қарағанда, бұл — АҚШ тарихында әйел адамның республикалық праймериздегі алғашқы жеңісі.
Хейли 62,9 пайыз дауыс жинаса, оның жалғыз бәсекелесі, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп 33,2 пайыз дауыс алған. Осылайша Хейли АҚШ президенттігіне кандидат атануға қажет 1215 делегаттың 19-ының қолдауын алды.
Вашингтон тұрғындарының қатарында АҚШ шенеуніктері бар. Ал Трампты қолдайтындардың басым бөлігі — ауылды жерде тұратындар, оның одақтастары егер Трамп президент болып сайланса, шенеуніктерді жұмыстан алуға уәде берген.
Бұл — Хейлидің сайлауалды науқан кезіндегі алғашқы жеңісі. Бұған дейін сегіз праймеризде Трамп айтарлықтай айырмашылықпен басым түскен. Республикалықтардың сауалнамаларына сүйенген Reuters агенттігінің мәліметінше, осы жолғы сайлауда Республикалық партия атынан президенттікке кандидат анықталатын алдағы жарыстың басым бөлігінде Трамптың жолы болуы мүмкін.
5 наурызда АҚШ-та супер-сейсенбі өтпек: 15 штатта және Америкалық Самоада Демократиялық және Республикалық партиялардың праймеризі болады. Демократтардың Вашингтондағы праймеризі маусым айына жоспарланған.
ПІКІРЛЕР