6 наурыз күні Ақтөбе-Астрахань тас жолының 120-шы шақырымында жол апаты болып, сегіз адам қаза тапқан. Оның төртеуі бала.
Полицияның мәліметінше, апат Мұғалжар ауданына қарасты Сағашилі ауылының тұсында болған. Сәрсенбі күні таңғы сегіз жарым шамасында тас жолда Toyota Hilux және LADA Largus автокөліктері соқтығысқан. LADA Largus көлігі жанып кеткен.
Ақтөбе әкімдігі жол апатынан 8 адамның қаза тапқанын растады. Оның төртеуі – бала.
Қаза тапқандардың бәрі LADA Largus маркалы көлігінде болған. Әкімдіктің мәліметінше, жанып кеткен мүрделерді сараптамасыз анықтау мүмкін емес.
Кей мәліметтерге қарағанда, апатқа ұшыраған LADA Largus көлігін Темір ауданындағы Кеңқияқ ауылының тұрғыны жүргізген. Қаза болған сегіз адамның бірі – LADA Largus көлігінің жүргізушісі.
"Ол – Ақтөбе мен Кеңқияқтың арасына екі мың теңгеден ақы алатын қанағатшыл таксистің бірі еді" дейді ауылдастары.
Жол апатынан кейін өртеніп кеткен көлікте Кеңқияқпен іргелес Саркөл ауылының бес тұрғыны болған. Саркөлдік ер адам 12 жастағы ұлымен бірге, ал егде әйел төртінші және алтыншы сыныпта оқитын екі немересімен бірге қаза тапты.
– Саркөлдің тұрғыны жиен қыздарын Ақтөбеге дәрігерге көрсетуге алып бара жатқан. Ер адам жолға 12 жасар ұлын алып, жеке шаруасымен шыққан, – дейді Темір ауданы Саркөл ауылының әкімі Мәди Сүйіншалин.
Жол апатынан қаза болған төртінші баланың кім екені әзір белгісіз. Әкімдіктің мәліметінше, ол 2017 жылы туған, даярлық тобының оқушысы. Ақтөбе полициясы қаза тапқандардың жеке басын анықтау үшін сараптама тағайындалғанын, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР