Accessibility links

Алматы соты Ғалымжан Жақияновтың "Адырна" сайтына шағымын жартылай қанағаттандырды


Сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

4 наурызда Алматы қаласының Алатау аудандық соты саясаткер, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновтың саясаткер Төлен Тоқтасынов пен "Адырна" порталы үстінен түсірген арызын жартылай қанағаттандырды.

Sud.kz сайтында жарияланған сот шешіміне қарағанда, сот Төлен Тоқтасыновты 2 қаңтар 2023 жылы "Адырна" порталы және YoutTube-та жарияланған "Ғалымжан Жақияновқа сеніп едім" атты видеосұхбаттағы айтылған кейбір тұжырымдарды терістеуді міндеттеген. Шешімде сұхбаттан бірнеше үзінді келтіріледі. Сот оларды "шындыққа жанаспайды" деп таныған. Шешімге сәйкес портал сол сұхбатты өшіруге тиіс. Одан бөлек, Тоқтасынов моральдық шығын ретінде Жақияновқа 200 мың теңге (447 доллар) төлеуі керек.

Тараптардың бір ай ішінде шешімді апелляцияға беруіне құқығы бар. Төлен Тоқтасыновтың адвокаты Гаухар Сәлімбаева "Республика" сайтына шешімді апелляцияға беретінін айтқан.

"Республика" сайтының жазуынша, Жақиянов пен Тоқтасынов арасындағы дау моңғолиялық ALGT компаниясымен байланысты. Сотқа түрткі болған 2023 жылдың басында жарияланған даулы сұхбатта Тоқтасынов Моңғолияның ақпарат құралдарындағы материалдарға және іскерлік құжаттарға сүйене отырып, Жақияновты "заңсыз бизнес жүргізді" деп айыптаған. Ал сұхбатта жалған мәліметтер барын айтқан Жақиянов сұхбатты жариялаған портал мен Тоқтасыновты сотқа берген.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының жазуынша, сотта Жақиянов тарабы "сұхбатта келтірілген біраз сөздер" шындыққа жанаспайтынын "құр сөзбен емес, нақты мәліметтермен, құжаттармен және куәгерлердің деректерімен дәлелдеп шыққан".

Ал Тоқтасынов сотта "Республика" сайтының жазуынша, "сұхбатта келтірген деректерді ашық дереккөздерден" алғанын айтып, Жақияновтың ар-намысына нұқсан келтіргенін жоққа шығарған. "Адырна" порталы өкілдері сотта "Тоқтасынов бұған дейін шындыққа жанаспайды деп танылмаған субъективті пікірін жеткізгенін", Жақияновқа да өз пікірін айтуға мінбер ұсынғанын айтқан.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Жақиянов пен Тоқтасынов алғаш рет соттасып отырған жоқ. Былтыр Алматы әкімшілік соты "жала жабу ісі" бойынша Тоқтасыновты айыпты деп таныған. "Республика" сайтының жазуынша, жуырда Алматының Медеу аудандық соты Жақияновтың Тоқтасыновтың әйелі Алма Тоқтасынованың үстінен түсірген арызын қанағаттандырмаған. Сотқа жауапкердің ALGT төңірегіндегі дау туралы жазған Facebook-тағы жазбалары түрткі болған.

Ғалымжан Жақиянов пен Төлен Тоқтасынов 2001 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынап, елде тың саяси реформалар жүргізу туралы бастама көтерген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысын құрушылардың бірі. Қозғалыс өкілдері сол кезде қуғындалып, ұйымның өзі кейін тарап кеткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG