Accessibility links

"Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыпталған жеті адамға үкім оқылды


Алматыда "мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды" деп айыпталған жеті адамның соты. Алматы, 7 ақпан 2024 жыл.
Алматыда "мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды" деп айыпталған жеті адамның соты. Алматы, 7 ақпан 2024 жыл.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 7 наурызда кешке қарай "мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды" деп айыпталған жеті адамға үкім оқылды. Бұл жөнінде "Власть" сайты хабарлады.

Сот үкімі бойынша:

  • Бағдагүл Андрееваға - 6 жыл түрме жазасы;
  • Ержан Төреқұловқа – 6 жыл түрме жазасы;
  • Олжас Құлжахановқа – 6 жыл түрме жазасы;
  • Сағынкүл Қонарға – 5 жыл түрме жазасы;
  • Теңлік Нұрлановқа – 5 жыл түрме жазасы;
  • Ақылжан Қисымбаевқа – 5 жыл түрме жазасы;
  • Айдос Илипбаевқа 3 жыл 4 ай шартты жаза берілді.

Бұған дейін прокурор оларға 13-15 жыл түрме жазасын сұраған.

Бағдагүл Андреева, Сағынкүл Қонар, Ержан Төреқұлов, Айдос Илипбаев, Теңлік Нұрланов және Олжас Құлжаханов және Ақылжан Қисымбаевқа "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" мақсатында "экстремистік топ құрып", "билікті басып алуды көздеген" деген айып тағылған. Илипбаевтан басқасының бәрі тағылған айыптарды жоққа шығарған. Қазақстандық құқық қорғаушылар былтыр айыпталушылардың ісі саясиланғанын айтып, оларды "саяси тұтқындар" қатарына қосқан. Айыпталушылардың бірі Ақылжан Қисымбаев – Қаңтар кезінде жарақаттанып, ауруханаға жатқызылған, сол жерден арнайы жасақ ұстап әкетіп, тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Ол былтырдан бері өзін азаптағандарды жазалауды талап етіп келеді.

2022 жылы президент сайлауы қарсаңында ұлттық қауіпсіздік комитеті сайлау күні билікті басып алмақ болды деп 7 адамды ұстағанын мәлімдеген. Ұсталғандарды шетелде тұратын банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауғандар, тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдаушылар, криминалдар" деп сипаттаған. Өзге ақпаратты қылмыстық кодекске сілтеп, құпия қалдырған. Ал Әблязов сол кезде мұны "биліктің қорқынышы" деп атаған. Ұсталғандардың туыстары бұл айыптауға сенбей, оларды босатуды талап еткен.

Қазақстан билігі экстремистік деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент қарарында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG