Ресейдің Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы өлтірілді. ASTRA телеграм-арнасының жазуынша, олар 7 наурызда таңертең Ресей федералдық қауіпсіздік қызметімен (ФСБ) атыс кезінде өлтірілген.
ASTRA-ның жазуынша, 35 және 32 жастағы ер адамдар Ресей аумағына биыл 28 ақпанда барған. Арна оларды "Ислам мемлекеті" радикалды тобына қарасты "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшенің мүшесі деп атаған. Бұл ұйым Қазақстанда террористік ұйым деп танылған.
Бұған дейін ФСБ "терактінің алдын алғанын" мәлімдеген. Ресей күштік құрылымының мәліметінше, "Калуга облысының Коряково елді мекенінде олар ұстау кезінде қарсылық көрсеткен", ізінше күштік құрылымның "жауап оғынан мерт болған".
ФСБ-ның хабарлауынша, олар тұрған үйден Макаров тапаншасы, Калашников автоматы, жарылғыш зат дайындауға қажет дүниелер табылған.
ФСБ өлтірілген екі адамның азаматтығын айтпаған.
9 наурызда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейде екі қазақстандық қаза болғанын растады.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейде теракт ұйымдастырмақ болған Қазақстанның екі азаматын Ресейдің күштік құрылымдары көзін жойғаны жөнінде ақпарат жарияланды. Бұл адамдарда Қазақстан азаматтығы болғандығы және Ресейге барғандығы расталады. Көрсетілген факті бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тексеріс ынтымақтастық арнасы аясында Ресей федералдық қауіпсіздік қызметімен тығыз байланыста жүзеге асырылып жатыр" деп жазылған ҰҚК хабарламасында.
Ведомство тергеу құпиялылығын алға тартып, басқа мәлімет бермеген.
ПІКІРЛЕР