Accessibility links

Байзақтағы жарылыс: Екі сарбаздың жазасы 13 жылға ұзарды. Екі офицер 5 жылға сотталды


Байзақтағы жарылысқа байланысты сотталған Әсет Әшірбай (оң жақта) мен Ерпулат Тұранов. Шымкент, 13 наурыз 2024 жыл.
Байзақтағы жарылысқа байланысты сотталған Әсет Әшірбай (оң жақта) мен Ерпулат Тұранов. Шымкент, 13 наурыз 2024 жыл.

13 наурызда Астанадағы әскери сот 2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданының әскери бөлімінде болған жарылысқа айыпталған екі сарбаздың жазасын 9 жылдан 13 жылға ұзартты. Ал бұған дейін Шымкент әскери гарнизоны соты ақтаған екі офицер 5 жылға сотталды.

Апелляциялық сот "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен 9 жылға сотталған 22 жастағы сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұрановтың жазасын 13 жылға ұзартты. Олар жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Ал бұған дейін "Қызметке салғырт қарау" бабымен ақталған төрт офицердің екеуі Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев 5 жылға сотталды. Екі офицер сот залынан қамауға алынды. Олар жазаны қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Сотталушылар сот үкімімен келіспеді. Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұранов судьяның "сот шешімі түсінікті ме?" деген сұрағына наразылық ретінде жауап бермей қойды. Сот алқасы сот залынан шыққан соң "Әділет жоқ! Кінәміз жоқ!" деп айқайлап наразылығын білдірді. Осы сәтте Тұрановтың денсаулығы сыр беріп, басын көтере алмай қалды. Айдауыл олардың қолына кісен салып, сот залынан тез алып шықты.

Әшірбай мен Тұрановтың адвокаты Абзал Өмірәлин екі сарбаздың әскери қоймадағы жарылысқа қатысы жоқ деп санайды. "Тағылған айып жала, негізсіз және дәлелсіз" дейді ол. Қорғаушы апелляциялық шешімге келіспейтіндерін, кассациялық шағым түсіретінін айтты.

2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, 18 адам қаза тапты, жүзге жуық адам жарақаттанған. Ресми мәлімет бойынша, жарылыс шығыны 25 млрд теңгеге жеткен. Сот бұл шығынды Тұранов пен Әшірбайдан өндіруді міндеттеген.

Бұл іс бойынша алғашқы сот үкімі 2023 жылы 20 қазанда шығып, кейін айыпталушылар мен әскери прокуратура апелляциялық шағым түсірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG