Accessibility links

Рогун ГЭС-і. Тәжік билігі қыруар қаражат құйған жоба энергия тапшылығын шеше ме? Экология ше?


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Вахш өзенінің бойында Рогун су электр станциясы бөгетін салуды бастау рәсімінде. Бөген Душанбеден 100 шақырым жерде. 29 қазан 2016 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Вахш өзенінің бойында Рогун су электр станциясы бөгетін салуды бастау рәсімінде. Бөген Душанбеден 100 шақырым жерде. 29 қазан 2016 жыл.

Тәжікстан болашақта елдегі энергия өндірісін екі еселеуге мүмкіндік беруі ықтимал Рогун ГЭС-і жобасына миллиардтаған доллар қаржы құйды. Бірақ оған кететін шығын көлемі мен артта қалып бара жатқан ауыл-аймақтарын ескерсек, ол күнге әлі алыс сияқты.

Тәжікстанда энергия тапшылығы күшейіп тұр. Миллиондаған тәжік жарықсыз отыр немесе күн суықта тәулігіне бірер сағат жарықпен қауышуға мәжбүр.

Сол себепті Рогун ГЭС-і – елдегі энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды парасы. Оған тек Тәжікстан ғана емес, электр энергиясы тапшы Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан да көз тігіп отыр.

Тәжік билігі алпауыт Рогун бөгетін тұрғызуға бірнеше миллиард доллар жұмсап үлгерді. Алайда жобаға әлі де қомақты қаражат керек және оның ауқымы кері шегінуге болмайтындай тым үлкен.

Бірақ жобаны сынаушылар болса, бір жағы шығыны, екінші жағы қоршаған орта мен адамға тигізер зияны күн өткен сайын артып бара жатқандықтан, Рогун ГЭС-і қаншалықты ауқымды болғанымен, ұзаққа бармайды деп болжап отыр.

Тәжікстан Рогун ГЭС-нің белгіленген 3600 мегаватт қуатын алуды көздеп отырған жалғыз мемлекет емес. Көршілер де одан дәмелі, сондықтан бәс тым жоғары.

Оған қоса жобаны жасаушылар климаттың өзгеруі салдарынан болашақта өзендерді сумен қамтамасыз етіп отырған мұздардың еритінін ескермеген және бұл аймаққа ірі ГЭС салу қаншалықты тиімді екенін есептемеген сыңайлы.

Ал Тәжікстанның Орталық Азиядағы кейбір көршілері электр энергиясы тапшылығының орнын толтыру үшін ресурстарын күн және жел энергиясын алуға арналған ұсақ жобаларға бағыттап жатыр. Бірақ Душанбе үшін жаңа және ескі ірі су электр стансалары әлі күнге басым бағыт болып отыр.

Пешке от жағып отырған қыз. Хатлон облысы, Тәжікстан. 17 тамыз 2017 жыл.
Пешке от жағып отырған қыз. Хатлон облысы, Тәжікстан. 17 тамыз 2017 жыл.

СҰРАНЫС ҰСЫНЫСТАН АСЫП ТҮСТІ

9 наурыз күні Дүниежүзілік банк тобының атқарушы директорлары кеңесінен тұратын делегация Орталық Азияға аймақтық сапарын аяқтады. Осы сапар аясында Рогун ГЭС-нің бас қорғаушысы – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен келіссөз жүргізіп, қазір ішінара жұмыс істеп тұрған бөгеттегі ГЭС-ті аралап шықты.

Топтың баспасөз баянында келіссөздің мән-жайы толық ашылмаған, дегенмен онда "су мен энергияның арақатынасына климат өзгерісінің әсері ерекше тақырып ретінде қозғалғаны" жазылған.

Сапар кезінде Тәжікстанның энергетика секторының жағымсыз және жағымды жағы талқыланған.

1 наурызда жаппай себепсіз электр жарығының өшіп, бүкіл елдің, тіпті астанасы Душанбе қаласының бірнеше сағат қара түнекке орануы талқыланған жағымсыз мәселе болды.

Жергілікті "Азия-Плюс" басылымының дереккөзінде жарықтың өшуіне қазіргі уақытта Тәжікстанның жартысына жуығын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Нүрек ГЭС-індегі "апат" себеп болды делінген.

Ал "Душанбе ТВ" басылымы болса, дәл сол дереккөзге сілтеме жасай отырып, "басты республикалық жоғары вольтты желілерде техникалық апат" болғанын хабарлады.

"Барки Точик" мемлекеттік энергетика компаниясы Азаттықтың Тәжік редакциясына ешқандай жауап берген жоқ.

4 наурызда, оқиғадан бірнеше күн өткен соң, энергетика және су ресурстары министрінің орынбасары Сорбон Холмухаммазода қызметінен босатылды. Үкіметтің қаулысында оның жаңа лауазымға орналасатыны айтылған, бірақ нақты қандай лауазым екені белгісіз.

Ал өткен айда Дүниежүзі банкі жариялап, өткен аптада тәліптер растаған жаңалық көңілге қуаныш ұялатты: төрт елге арналған CASA-1000 аймақтық энергетикалық жобаның маңызды ауған кезеңі өз жұмысын қайта жандандырған. Бұл жобада да Тәжікстан ең басты таратушы рөлінде.

CASA-1000 бағыты көрсетілген карта. 2016 жыл.
CASA-1000 бағыты көрсетілген карта. 2016 жыл.

CASA-1000 жобасы 2021 жылы тәліптер Ауғанстан билігіне келгеннен кейін де-факто тоқтатылған. Бірақ Дүниежүзі банкі әлі халықаралық деңгейде мойындалмаған исламшыл үкіметпен арадағы қашықтықты қамтамасыз ету мақсатында "қоршалған" ауған часкесіндегі инфрақұрылымның тіректері мен басқа да нысандарының құрылысын қаржыландыруды жалғастыра беретінін мәлімдеді.

CASA-1000 толық аяқталғаннан кейін Тәжікстан шамамен 1,3 гигаватт электр энергиясының 70 пайызын энергия тапшылығынан зардап шегіп отырған ауған және пәкістан желісіне таратып отыруға міндетті. Ал қалған бөлігі Қырғызстанға тиесілі болмақ.

Бірақ Тәжікстанның өзінде экспорттай алатын резервтік энергия болмаса, электр энергиясын тасымалдау инфрақұрылымының мәні жоқ.

Орталық Азияда қыстың соңы әдеттегіден суық болады. Ал Тәжікстанда жыл сайын күшейіп келе жатқан электр энегриясының тапшылығы жағдайды одан сайын ушықтырып, халықты қайғыға душар еткен.

Соңғы аптада Азатттықтың Тәжік редакциясы бірнеше адамның, соның ішінде балалардың көмірқышқыл газына уланып өлгенін хабарлады. Ауыл халқы күн суықта жылыну үшін пеш жағуға мәжбүр болған.

Душанбедегі электр жарығының өшуі шынымен советтік Нүрек ГЭС-індегі апаттың салдары болса, қазіргі уақытта алты блоктың бар болғаны 600 мегават қуаты бар екеуі ғана жұмыс істейтін Рогун ГЭС-інде әзір прогресс бола қоймайтын сияқты.

ҚҰРЫЛЫС ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Желтоқсанда Рахмон 2025 жылы Рогун ГЭС-нің үшінші блогын іске қосатынын мәлімдеді.

Бұл жоба оның ерекше назарында екені байқалады.

2016 жылы құрылыс басталып, іргетас қалау деп аталатын салтанатты рәсім кезінде ол бульдозерге көтеріліп, күрекпен құрылыс алаңына топырақ тастады.

Тіпті Тәжікстанның қарт көшбасшысының қол астындағылар ГЭС-ке көсемнің есімі берілсін деген бастама көтерді.

Фундамент құйылып жатқан уақытта үкімет құрылыстың құны төрт миллиард доллар деген болатын.

Коронавирус пандемиясы кезіндегі ұзақ үзілістен кейін, үкіметтің соңғы есебінде жобаның құны алты миллиард долларға жеткені жазылған.

Жобаның негізгі мердігері – италиялық Webuild (бұған дейінгі Salini Impregilo) компаниясы.

Бірақ Душанбе тұрғызғысы келетін әлемдегі ең биік – 335 метрлік нысан құрылысының соңғы кезеңдері қалай қаржыландырылғаны туралы нақты сызба жоқ.

Әлемдегі ең биік Рогун ГЭС-і бөгетінің құрылысы.
Әлемдегі ең биік Рогун ГЭС-і бөгетінің құрылысы.

Бір кездері биіктігі әлемдегі ең биік нысан биіктігі 300 метр Нүрек бөгеті еді. Бірақ осыдан 10 жыл бұрын Қытайдың 305 метрлік Цзиньпин-И бөгеті оны басып озды.

Рогун су электр станциясын қаржыландыруға ақшаны осы уақытқа дейін мемлекеттік бюджеттен және несиеге алды.

Біріншісі Орталық Азиядағы ең кедей ел үшін тым қымбатқа түскен және инфрақұрылыма жұмсалған басқа шығындардан бірнеше есе көп болған.

Қарыз дегеніміз кірісі 2017 жылы 7,1 пайыз болатын 500 миллион долларлық еурооблигациялар. Оны Reuters агенттігі "кедейлігі мен несие рейтингі төмен болып, шекті нарық жағдайында тұрғанына қарамастан, кірісі жоғары қарыздық міндеттемелер ала беретіндей тойымсыздықтың ең соңғы дәлелі" деп атады.

Тәжікстанда қарызының қалған бөлігін халықаралық институттар өз мойнына алады деген дәме бары анық.

Осы айда Вankwatch Network бақылау ұйымы бастаған экологиялық және үкіметтік коммерциялық емес 17 ұйымнан тұратын топ жобаның қазіргі экологиялық және әлеуметтік жағдайына (ECIA) берілген баға оны жүзеге асыруға болмайтынын көрсетті деп, Дүниежүзілік банкті, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін және Еуропалық инвестициялық банкін Рогун ГЭС-ін қаржыландыруға арналған 600 миллион АҚШ долларына дейінгі айқын ұжымдық міндеттемені "қайта қарауға" шақырды, бұл ағымдағы бағалауды деп атады.

Ақпан айында коалиция Рогунды "Совет Одағының табиғатты толық бақылауда ұстау идеологиясын еске түсіреді" деп атады. Оған қоса 2040 жылы ғана қуаты толық іске қосылатын бөгетті салу үшін кем дегенде 46 мың адамды көшіру керегін ескертті.

Ұйымдар: "Вахш өзенінде [Рогун] ГЭС-і жобасын дамыту Тәжікстанға ғана емес, жалпы аймақұа үлкен әлеуметтік және экологиялық қауіп төндіретіндіктен, алаңдаушылық туғызады", – деп жазып жатыр.

Рогун су электр станциясының сынаушыларының бірі соңғы кездері оны ақырын мақтай бастаған.

Ол өзеннің төменгі ағысы бойында орналасқан көрші мемлекет – шамамен 35 миллион халқы бар, судың тапшылығын тартып отырған Өзбекстан. Бұл президент Шавкат Мирзиеевтің өзінің алдындағы авторитар көсем, марқұм Ислам Каримовқа қарағанда аймақтық қатынастарды жақсартуға көбірек көңіл бөле бастағанын білдіреді.

Бір жағы, Өзбекстан дәл қазір өзіне қайсысы көбірек керек – су ма, әлде электр жарығы ма – білмейді. Қалай болғанда Тәжікстаннан алып тұрса, екі проблеманың бірі жеңілдейтіні анық.

Тәжікстан сондай-ақ тапшылығын толтыру үшін "жасыл технологиялар" туралы да айта бастаған.

Бірақ өңірдегі жаңаратын энергия көздері саласындағы көшбасшы елдер бола тұра, атом энергиясын пайдалану мүмкіндігін қарастырып отырған Өзбекстан және Қазақстанмен салыстырғанда бұл қазір идея деңгейінен әлі көтерілмеген сияқты.

Қазан айында Душанбеде өткен "Тәжікстанның тиімді энергетикасы" конференциясында тәжік шенеуніктері 2030 жылға қарай күн және жел энергиясы Тәжікстанның энергия балансына 70 мегаватқа дейін үлес қоса алатынын айтты.

Алайда, сол кездегі энергетика және су министрі Холмухаммадзода үкіметтің неге басымдық беретінін нақты атап өтті.

"Алдағы жеті жылда Рогун ГЭС-ін пайдалануға беру және Нүрек, Сарбанд және Қайраққұм сияқты су электр станцияларын қайта құру арқылы Тәжікстанның энергетикалық[өндірістік] қуаты тағы 4000 мегаваттқа артады", – деді ол.

Сонымен бұл ГЭС пе, сәтсіз жоба ма? Екеуі де болуы мүмін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG