Accessibility links

Тоқаев сапары қарсаңында Атырау жолдары жөнделіп жатыр


Атырау қаласының Сәтбаев даңғылы. 5 наурыз, 2024 жыл
Атырау қаласының Сәтбаев даңғылы. 5 наурыз, 2024 жыл

Атырауға президент Қасым-Жомарт Тоқаев келер қарсаңда қала көшелерінде қарбалас басталды. Шаһардың орталығындағы көлік жолдары жөнделіп, көше тазалығына ерекше көңіл бөлінгені байқалады. Желіде "президент келерде жөндеп жатыр" деген пікір көбейді. Ал әкімдік бұл "әдеттегі жөндеу" дейді.

Осыған байланысты әлеуметтік желілерде "Атырау Тоқаев келеді деп құрақ ұшып жатыр, қала халқына неге солай қызмет етпейсіңдер?" деген мазмұндағы жазба көбейді. Көлік жүргізушілері жолдағы шұңқырларды жамау әдетте биылғыдай ерте басталмайтынын айтады. Жергілікті тұрғын Өнербек Мамай бұл қарбаласты президенттің келуімен байланыстырады. "Президент келіп кеткенше деп тездетіп жамап-жасқап жатқан сияқты. Орталық көпірді, қаланың басты екі даңғылын – Сәтбаев пен Азаттық даңғылындағы көлік жолдарын жамады. Ал Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойындағы Әлиев көпірін жөндемеді. Ал оның үстінде бірнеше шұңқыр бар" деді ол Азаттық тілшісіне.

Атырау қалалық баспасөз қызметі көлік жолдарындағы шұңқырларды жамау тек президент жүретін жерлерде жүріп жатқанын жоққа шығарады. "Қаланың Әбілқайыр хан және Сәтпаев даңғылдары, Абай көшесі, орталық көпір, Авангард ықшамауданы, Тұрғын үй қалашығы ықшамауданындағы көпір, Азаттық даңғылы және Атамбаев, Қабдолов, Махамбет, Баймұханов, Тайманов, Молдағұлов көшелері мен Берғалиев көшесіндегі айналма жол және Атырау–Доссор трассасы жөндеуден өтіп жатыр" делінген әкімдік хабарласында.

Атырау, 5 наурыз, 2024 жыл
Атырау, 5 наурыз, 2024 жыл

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайда келесі жиын "ел тарихында айрықша орны бар" Атырау облысында өтетінін айтқан және "атақты хандар ордасын тіккен" ежелгі Сарайшық қаласы да сол жерде екенін еске салған. Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықтың орны Махамбет ауданында, Атырау қаласынан солтүстікке қарай 50 км жерде орналасқан. Сондағы Сарайшық ауылына барған таксистердің айтуынша, Сарайшыққа дейінгі жол да жөнделген.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, биыл Атырауда 55,5 км автокөлік жолын төсеу жоспарда бар. Одан бөлек, 20,1 км тасжол қайта жөнделмек. Бірақ баспасөз қызметі бұл шараға бюджеттен қанша ақша бөлінгенін нақты айтпады.

Атырау, 5 наурыз, 2024 жыл.
Атырау, 5 наурыз, 2024 жыл.

Ертең, 15 наурызда Атырауда президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етуімен ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтеді. Ұлттық құрылтайдың ресми телеграм-арнасы ақпараты бойынша, құрылтай аясында екі күндік жиын жоспарланған. Бүгін, 14 наурызда барлық өңірден келген құрылтай мүшелері жиынның бірінші күнінің тақырыптық секцияларына қатысты. Бүгінгі жиындар "Азаматтық қоғам", "Мәдениет. Өнер. Руханият", "Білім және ғылым", "Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму" тақырыптарына арналды.

2019 жылы президенттікке келген соң болған наразылықтардан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев "билік пен қоғам арасындағы диалогты дамыту" мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Құрамына саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері кірген кеңес заң дайындап, саяси реформаларды жүргізуге атсалысады делінген. Алайда көп ұзамай оған кірген Бақытжан Бұқарбай, Мұхтар Тайжан, Арман Шораев сынды азаматтар оның тиімсіздігін, саяси шешімдерге ықпал ете алмайтынын айтып, құрамынан шығып кетті.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бұл кеңестің орнын "ұлттық құрылтай" басып, құрамы бұрынғыдан да кеңейді. Тәуелсіз сарапшылар мен саясаткерлер оны "авторитаризм құралы", "шайқалған билікті нығайту әрекеті деп сынға алды.

Құрылтай 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы Түркістанда өткен. Екі жиында да кей қоғам белсенділері "шақырылмадық", "жиынға кіре алмадық" деп наразылық білдірген. Түркістанда өткен жиында журналистер делегаттар жүретін жаққа жіберілмей, жиынды оңаша ғимаратта монитордан бақылаған.

Түркістандағы құрылтайға 390 млн теңге бөлінгені де айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG