Қазақстанның мемлекеттік гербі авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы ұлттық құрылтай кезінде айтқан мемлекеттік елтаңбаны өзгерту туралы ұсынысын жан-жақты талқылау керек дейді.
– Президент айтқаннан кейін ол бекерден бекер айтпайды, біліп айтады. Сондықтан да президентке қарсы шыға алмаймын. Мен жасаған елтаңбаны парламент мақұлдады, 30 жыл елге қызмет етті. Заман өзгереді. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек, комиссия талқылауы керек. Халық шешеді, парламент шешеді, – деді елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков 16 наурызда Азаттыққа.
Ұлттық құрылтай кезінде Тоқаев елтаңбада совет кезеңін еске салатын белгілер барын меңзеді. Кей жұрт "президент елтаңбадағы бесжұлдызды айтып тұр" деп топшылады.
Ақорданың мемлекеттік рәміз - елтаңбаны сипаттаған материалында ондағы жұлдыз туралы былай жазылған: "Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық."
Бұл жұлдыз жөнінде Жандарбек Мәлібеков Азаттыққа "Совет өкіметінен бұрын да қазақтың өз жұлдыздары болған. Мысалы, Темірқазық бар. Қазақ халқының түсінігі бойынша әрбір адамның өз жұлдызы бар. Өзбекстан туында мысалы 12 жұлдыз бар. АҚШ туында 50-ден астам жұлдыз бар. Шын мәнінде сараптама керек. Бәрін талқылау керек" деді.
Қазіргі елтаңба 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен марқұм Шот-Аман Уәлиханов.
ПІКІРЛЕР