Accessibility links

Мәскеу соты теракт жасады деген күдіктілерді ұстады, Ресейдегі мигранттар бұған алаңдайды


"Крокус сити холл" концерт залына шабуыл жасады деп айыпталған Далерджон Мирзоев.
"Крокус сити холл" концерт залына шабуыл жасады деп айыпталған Далерджон Мирзоев.

Мәскеудің Басманный аудандық соты «Крокус сити холл» концерт залында 22 наурызда теракт жасады деген күдікпен Далерджон Мирзоев, Саидакрам Рачабализода, Фаридун Шамсиддин және Мухаммадсобир Файзов есімді төрт адамды тұтқындау туралы шешім шығарды.

Бұл туралы Мәскеу соттарының баспасөз қызметі хабарлады. Sota-ның мәліметі бойынша, тұтқындалғандардың бәрі Тәжікстан азаматы.

Оларға топ болып террорлық акт жасады деген айып тағылды (Ресей Қылмыстық кодексінің 205-бабы, 3-тармағы, «б» пункті). Бұл бап бойынша 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Журналистердің күдіктілерге сұрақ қоюына мүмкіндік берілген жоқ, барлық отырыстар жабық өтті. Тергеуші ашық отырыс «тергеу құпиясын жариялауға алып келуі мүмкін» және «процесс қатысушылары мен олардың туыстарына қауіп төндіруі мүмкін» деді.

Фотоларынан күдіктілердің азапталғаны байқалды.

Далерджон Мирзоев

Сот залына алдымен Далерджон Мирзоевты кіргізді. «Медиазонаның» жазуынша, оның жасы 32-де, үйленген, төрт баласы бар. Ресейдің Новосибирск қаласында уақытша тіркеуде тұрған, бірақ оның мерзімі өтіп кеткен. Орыс тілін білмейтіндіктен, ол тәжікше сөйлеген, оның сөзін аудармашы аударып отырды. Мұның алдында кремльшіл RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян Мирзоевты тергеу сәтінен видео жариялады. Видеода оның бетінде көгерген із байқалмайды. Кейінгі фотода күдіктінің беті көгерген. Соттың мәліметі бойынша, ол кінәсін толық мойындаған.

Саидакрам Рачабализода

30 жаста, бір баласы бар. Сот одан «Орыс тілін білесіз бе?» деп сұрады. Аудармашы «түсінеді» деп жауап берді. Бірақ ол жауаптарға тәжік тілінде жауап қайтарып отырды.

Саидакрам Рачабализода
Саидакрам Рачабализода

Рачабализода Ресейде тіркеуде тұратынын, бірақ қай жерде екенін есіне түсіре алмағанын айтты. Бұл туралы «Медиазона» жазды. Сот баспасөз қызметі таратқан фотодан оның құлағы таңылып тұрғанын байқауға болады. Мұның алдында Ресейдің билікшіл телеграм-арналары оның құлағының шетін кескен видео таратқан. Сот мәліметі бойынша Рачабализода да кінәсін мойындаған.

Фаридун Шамсиддин

Фаридун Шамсиддин 25 жаста. Үйленген, 8 айлық баласы бар. Подольскідегі паркет фабрикасында қара жұмысшы болып істеген. Тергеу кезінде түсірілген видеода ол әлдекім телеграм арқылы хабарласып, «Крокус сити холл» ғимаратына шабуылдау үшін 500 мың рубль ұсынғанын айтқан. Sota-ның жазуынша, ол да кінәсін мофындаған.

Бұған дейін оның азапталып жатқан фотосын «Вагнер» әсери тобына жақын Grey Zone телеграм-арнасы жариялаған. Онда оның шалбары шешіліп, денесіне ТА-57 әскери байланыс құралы бекітілген. Ол электр разрядын жіберу арқылы азаптау мақсатына да қолданылады.

Мухаммадсобир Файзов

Төртінші күдікті - 19 жастағы Мухаммадсобир Файзовты сот залына медициналық тасығышпен алып келді. Оның үстінде медициналық халат, зәр шығаратын түтікке ұқсас құрал көрініп тұрды. Ол аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан, сол жерде тергелген. Ұстау кезінде көзі шыққан. Дәлелденбеген ақпарат бойынша, ол қарулы қарсылық көрсеткен.

Мухаммадсобир Файзов
Мухаммадсобир Файзов

Ол Иванов қаласындағы шаштараз болып жұмыс істеген. Кей мәліметтер бойынша, Файзов қаладағы ең танымал шаштараздың бірі болған. Судья оны тұтқындауға байланысты сот отырысынан еріп келген дәрігерлерді де шығарып жіберген.

Тергеушілер қылмысқа түрткі болды деген себептер туралы ештеңе айтпады. Бұған дейін «Крокус сити холл» концерт залына шабуылды «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы мойнына алған. Іс бойынша 11 адам ұсталды. Ұсталған басқа адамдар туралы ақпарат жоқ.

ТӘЖІК ҮКІМЕТІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Мәскеудегі қанды оқиғадан көп ұзамай телеграм-арналар түрі ортаазиялықтарға ұқсайтын адамдарды ұстап жатқан видеоларды таратып, «терактіні ұйымдастырғандар» деп дәлелсіз ақпарат тарата бастады. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі ақпарат құралдарын «бұл іске Тәжікстан азаматтары не тәжіктер қатысы бар деген ақпаратты таратқанда жауапкершілік танытуға» шақырып, мәлімдеме жасады.

«Тәжік жағы Ресейдің ресми басшылығынан [терактіге] Тәжікстан азаматтарының қатысы туралы тарап жатқан фейк ақпараттың дәлелін әлі алған жоқ. Осы тұрғыда Ресейдің мемлекеттік органдары тарататын ресми ақпаратқа сүйенуді сұраймыз» деді Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі.

25 наурызда Ресейдің Душанбедегі елшілігінде көңіл айту кітабына алғашқылардың бірі болып жазба қалдырған Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзода «халықаралық терроризммен Ресеймен бірлесе отырып күресуге» уәде берді.

«Тәжікстан халықаралық терроризмнің кез келген түріне қарсы шығады әрі Ресеймен және халықаралық қауымдастықпен бірлесіп бұл зұлымдыққа қарсы аяусыз күрес жүргізе береді» деді Тәжікстанның үкімет басшысы.

МИГРАНТТАР УАЙЫМЫ

Ал Ресейдегі тәжік мигранттары «Крокус сити холл» концерт залындағы оқиғадан соң өздеріне қарсы ксенофобиялық агрессия күшейіп кете ме деп алаңдайды. Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, елдің бірнеше аймағында мигранттарға қарсы әрекеттер болған.

Амур облысының Благовещенск қаласында белгісіз біреулер мигранттарға тиесілі сауда павильонына өрт қойған. Қала мэрі Олег Имаеевтің айтуынша, оқиға «ұлттық негізде» болған.

Калугада әлдекімдер көшеге Тәжікстанның үш азаматын ұрып кеткен. Соққы алғандардың бірі ауруханаға жеткізілген.

Ресейдің түрлі аудандарында клиенттер тәжік таксистердің қызметін пайдаланудан бас тартып жатыр деген ақпарат түскен.

Тәжікстанның Восей ауданының тұрғыны Азаттық тілшісіне 23 наурызда Мәскеу полициясы екі бауыры мен ұлын ұстап әкеткенін, содан бері олардан хабар жоғын айтқан.

Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі өз азаматтарын үйлерінен шықпауға шақырған.

Baza телеграм-арнасының жазуынша, «Крокустағы» терактіден соң Ресей ішкі істер органдарында учаскелік инспекторлар мен қылмыстық іздеу қызметкерлерінен құралған топтар құрылып, олар шетел азаматтарын қосымша тексере бастаған. Бұл топтар хостелдерді, жатақханаларды, жұмыс орындарын аралап, шетелдіктердің құжаттарын тексеруге көшкен.

Ресейлік құқық қорғаушы Валентина Чупиктің айтуынша, соңғы кездері мигранттардан шағым көп түсіп жатыр.

«Соңғы бір жарым тәулікте 1018 хат түсті. Көбінде мигранттар тексеру және заңсыз ұстау болды деп шағымданады. Полицейлер соққыға жығып, елден шығарылған адам көп» деді ол.

Қырғызстандық құқық қорғаушы Азиза Әбдірасулованың айтуынша, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген мигранттарды тексеру көбейген.

23 наурызда Мәскеуге ұшып келген қырғызстандықтар «Шереметьево» әуежайында қамалып қалды. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, әуежайдың бір бөлмесіне қамалған 11 адамның кемінде 10-ы Қырғызстан азаматы болған. Оның айтуынша, олардың телефондардын алып алып, тексерген.

  • 22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы "Крокус сити холл" концерт залының ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, терактіден қаза болғандар 137 адамға жетті. 180-дей адам түрлі жарақат алды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG