Accessibility links

ЮНЕСКО: Өзбекстан Бұхараға қатысты уәделерін бұзды


Бұхара орталығында ғимаратты сүру. 2024 жылғы наурыздағы фото.
Бұхара орталығында ғимаратты сүру. 2024 жылғы наурыздағы фото.

ЮНЕСКО Өзбекстан үкіметі бас жоспар бойынша бірлескен келісімге қол жеткізгенше, Бұхара қаласының тарихи аймақтарына жақын жерде құрылыс жүргізбеу жөніндегі уәдесін бұзды деп мәлімдеді.

Бұл туралы БҰҰ агенттігі өкілінің электрон пошта арқылы жолдаған жазбаша жауабына сүйенген Eurasianet.org сайты хабарлады.

Сайттың жазуынша, ресми Ташкент ЮНЕСКО өтініштерін елемей отыр.

ЮНЕСКО өкілі Eurasianet.org-ке берген жауабында Өзбекстан Бұхарадағы құрылыс бойынша бас жоспарды әлі ұсынбағанын айтты.

"ЮНЕСКО жұмыстың 2024 жылы қыркүйекке қарай аяқталатынын түсініп отыр", – деп жазды ұйым жауабында.

Eurasianet.org мәліметінше, қасиетті тарихи аумақты басқару бойынша 2023-2028 жылдарға арналған жоспар жобасы желтоқсан айында ұсынылған, ол әлі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетінің кеңес органы ICOMOS қарауында жатыр.

"Өзбекстан билігі уәделерді өрескел бұзып, жыл басында Бұхараның тарихи бөлігіне іргелес буфер аймақтағы ғимараттарды сүруге кірісті, бұл мәдени мұрамен айналысатын белсенділер наразылығын тудырды", – деп жазған сайт мақаласында.

Бұл жұмыс үкімет әзірлеген "Мәңгілік Бұхара" даулы жобасын жүзеге асырудағы алғашқы қадам. Жоба бойынша, 326 мың шаршы метр аумақты алып жатқан ондаған ғимаратты күреп тастайды. Босаған жерде бір уақытта мыңдаған туристі орналастыруға арналған биік қонақүйлер салу жоспарланған.

8 ақпанда ЮНЕСКО Өзбекстаннан осы жоба бойынша жоспарларын түсіндіріп беруді сұрап өтініш жіберді, бірақ әлі жауап алмады.

Орталық Азияның тарихи және мәдени мұрасын қорғаумен айналысатын Alerte Héritage үкіметтік емес ұйымы "Мәңгілік Бұхара" бастамасын қатты сынады.

"Жоба барлық жағынан сәтсіз шыққан, ең алдымен дизайны дұрыс емес. Мұндай жобалар Лас-Вегаста немесе Макаода қызық болуы мүмкін. Бірақ Бұхараның тарихи өзегіне жалған "шығыс" көрінісін енгізу әрекеті жергілікті тұрғындар мен туристерді қорқытуы мүмкін", – деп жазды Alerte Heritage Facebook-тегі парақшасында.

Бұхара өз статусына байланысты қарқынды дамудан теориялық тұрғыда қорғалған. Қала 1993 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енді.

"Статусына байланысты Бұхара күрт өзгерістер жасаудан қорғалған. Бұхара 1993 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне Шыңғыс ханнан шыққан түркі-моңғол Шайбани әулетінен бастау алатын озық және біркелкі қала дизайны мен архитектурасын көрсететін бірегей ландшафты ескере отырып енгізілді", – деп жазды сайт.

Eurasianet.org жазуынша, өзбек билігі Бұхараның инфрақұрылымын, совет кезеңінен бері сақталып келе жатқан қаланың көп бөлігін туристер үшін жақсарту керек дейді.

Өзбекстан бұл мәселе бойынша әлі ешқандай мәлімдеме жасамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG