22 наурызда Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл жасаған деген күдікпен тұтқындалған адамдардың адвокаттары өміріне қауіп төнгенін айтады. Олардан процеске қатыспауды талап еткен. Бұл туралы "Московский комсомолец" сайты хабарлады.
Материал авторы, Мәскеу қоғамдық бақылау комиссиясының бұрынғы мүшесі Ева Меркачеваның жазуынша, күдіктілерді қорғау тарабы өзіне және отбасына қоқан-лоқы көрсетілгенін айтқан. Мәскеудің Басман аудандық соты "Крокус" ісі бойынша сегіз адамды тұтқындаған. Меркачева сөз болып отырған нақты қай айыпталушылардың адвокаты екенін айтпады.
Бұған дейін Басман сотындағы ТАСС дереккөзі адвокаттардың ешбірі айыпталушылар құқығын қорғауға өз еркімен келіспегенін айтқан. Меркачеваның сөзінше, тағайындалған адвокаттар қандай іс алатынын алдын ала білмейді. Қылмыстық іс жүргізу кодексі қорғаушылардың қабылдаған істен бас тартуына тыйым салады.
Басман соты "Крокус" ісі бойынша күдіктілерді өткен дүйсенбіге қараған түні қамауға ала бастады. Алғашқы төрт адамның сот залында түсірілген суреттерінен олардың бет-жүзі ісіп, көгеріп қалғаны байқалады. Сот мәліметі бойынша, күдіктілердің екеуі кінәсін мойындаған.
"Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісі бойынша барлық айыпталушы кінәлі деп танылса, өмір бойына бас еркіндігінен айырылуы мүмкін. Істі теракт жасау бабы бойынша тергеп жатыр. Кейінгі мәліметтерге сәйкес, шабуылдан 139 адам қаза тауып, 182 адам жараланған.
ПІКІРЛЕР