28 наурыз күнгі жағдай бойынша, Қазақстан аумағында 297 тұрғын үй су астында қалған. Республика бойынша 100-ден астам тасқын тіркелген, 18 жолды су шайып кеткен, екі көпір бұзылған. Қазақстан төтенше жағдай министрлігінің бейсенбі түске дейінгі хабарламасында осындай мәлімет жазылған.
Министрліктің мәліметінше, ауа райының күрт жылынуына байланысты Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан және Абай облыстарына су басу қаупі төнген.
Өткен тәулікте су басқан аймақтардан 1431 адам эвакуацияланған, 312-сі бала. Кейбір аумақта тұрғындар қауіпсіз жерге тікұшақпен жеткізілген.
Құтқару-іздеу жұмыстарына 4 мыңнан астам адам, 1300 техника жұмылдырылған.
Абай облысы Аягөз ауданында суда жоғалған үш адамды әлі іздеп жатыр. Ақпаратқа қарағанда, Аягөз өзенінде су деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Жағалардың бәрін су шайған. Судың ағысы қатты деп айтылады.
Абай облысының ТЖД баспасөз қызметі 1957 және 1985 жылы туған екі азамат Борлы өзенінен трактормен өтпек болғанда суда жоғалып кеткенін хабарлаған. 1977 жылы туған тағы бір адам Аягөз өзенінен өтпек болғанда аттан құлаған. ТЖД оны суға батып кеткен болуы мүмкін деп болжайды.
28 наурызда Ақтөбе қаласында Сазды өзені арнасынан асып, Сейітов көшесіндегі көпір арқылы негізгі көшелердің бірі Мәметованы су басқан. Судың көтерілуіне жиналған мұз да әсер еткен деп айтылады.
Қостанай облысында су тасқынына байланысты Арқалық, Амангелді, Жангелдин аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бұған дейін Орал қаласында төтенше жағдай режимі енгізілген.
ПІКІРЛЕР