Accessibility links

"Мен оны өлтірдім бе?" Бишімбаев сотында куәгерлер тыңдалды


Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты күдікке ілінген бұрынғы экономика министрі Қуандык Бишімбаев. 29 наурыз 2024 жыл.
Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты күдікке ілінген бұрынғы экономика министрі Қуандык Бишімбаев. 29 наурыз 2024 жыл.

29 наурызда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сотта екінші отырыс өтті. Бұл іс бойынша бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа айып тағылған.

Жұма күнгі процесс екі бөліктен тұрды. Түске дейін созылған алғашқы бөлігінде Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді тыңдалды.

Ол сотқа Салтанаттың беті көгерген суретін көрсетті. Оның сөзінше, бұл суретті қарындасы оған 2023 жылы 20 наурызда жіберген. Сол кезде қарындасы өзін ұрып-соққанын айтқан.

Бұдан соң Айтбек Амангелді қарындасымен жазысқан хаттарды көрсетті.

Ол қарындасынан Бишімбаевтан кетіп, өзінде тұруды сұраған.

"Мен онсыз өмір сүре алмаймын. Егер ажырассам, онсыз өмір сүре алмаймын. Ол мен үшін бәрін істейді, әрине бәрінен де қызғана береді. Менің бостандығым аз, бірақ оған әуел бастан өзім кінәлімін. Оның үстінен саған шағымданып жатқаным үшін де кінәлімін" деп жазған Нүкенова.

"Ақымақ болма, ол науқас адам. Оны қанша жақсы көрсең де. Өзіңді аямайсың ба? Енді тағы бір ұрса, бассүйегің шытынайды. Ол жақта сен темір тордасың. Кешке жақын тып-тыныш дүкенге шыққандай бол да, кетіп қал. Сен менің жақынымсың. Сенің қауіпсіздігіңді ойлап, тыныш ұйықтап, жүре алмаймын" деген Айтбек Амангелді оған.

"Сен мені асырайсың ба?" деген Салтанат Нүкенова ағасына.

Түстен кейін BAU мейрамханасының бұрынғы бар-менеджері Абылайхан Ерденовтің жауабы тыңдалды. Оның сөзінше, сол түні мейрамханада болған оқиғадан кейін қолында пышағы бар Бишімбаев "мен оны өлтірдім бе? мен оны өлтірдім бе?" деп қайталай берген.

Ол Қуандық Бишімбаев өзіне қол салмақ болды деп санайды.

—Дәретханаға барған кезде ішінен кілттеп алды. Біз ол өз-өзіне қол салады деп қорықтық. Артынан жүрдік. Пышағын тартып алған кезде ол асүйге басқа пышаққа жүгірді, – дейді Абылайхан Ерденов.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев аса қатігездікпен әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған. Бишімбаев тағылған айыпты мойындамайды. Бірінші сот отырысында ол "болған оқиғаны сотқа дейінгі тергеу кезінде, ешбір жерде айтуға мүмкіндік болмағанын" жеткізген. Қорғау тарабы ол Нүкенованы қасақана өлтірді деген тұжырымды жоққа шығарады.

Бұрынғы шенеунікпен бірге оның туысы Бақытжан Байжанов та айыпталушы танылған. Оған "қылмысты жасырды" деген айып тағылған. Сот кезінде ол бақылау камерасынан видеожазбаны өшіруді сұрағанын және геолокацияны жасыру үшін Салтанат Нүкенованың телефонын үйіне апаруды өтінгенін мойындаған.

Алқабилер қатысып жатқан негізгі сот отырысы 27 наурызда алқабилер басталды.

XS
SM
MD
LG