Accessibility links

Атырау облысында Миялы ауылына су басу қаупі төнді


Атырау облысы Миялы ауылындағы жағдай. 31 наурыз 2024 жыл.
Атырау облысы Миялы ауылындағы жағдай. 31 наурыз 2024 жыл.

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылын су басу қаупі төніп тұр. Арнасынан тасыған Ойыл өзені Миялы ауылының жырылған жеріне келіп құйып жатыр. Әкімдіктің хабарлауынша, қазір Миялы ауылына келіп жатқан тасқын судың екпіні қатты, деңгейі сағат сайын көтеріліп келеді. Жергілікті тұрғын Есенбай Нұров қауіп барын растап, суды тек бөгетпен ұстап тұрғанын айтты.

Кеше, 30 наурызда Қызылқоға ауданы әкімдігі тасқын су ауылға түнде келуі мүмкін екенін хабарлады.

Әкімдіктің телеграм арнасы арқылы Миялы тұрғындарына сақ шараларын сақтап, құжаттары мен бағалы заттарын шатырға немесе қауіпсіз жерге қойып, су, газ, жарықты, пешті өшіріп, терезе мен есіктерді жабуды ескертіліп жатыр.

Бүгін, 31 наурызда оларды Миялыдан Атырау қаласына тегін тасымалдайтын үш автобус шығарылған.

Тұрғындар “тегін автобус шығаруы бекер емес, бұл ауылды түгел су басады дегені ме, төтенше жағдай жарияланбай ма?" деп алаңдайды.

Бұған дейін Ойыл өзені бойындағы ауылдар тұрғындарын арнайы шығарылған екі үрмелі қайық тасымалдап келді. Бірақ судың ағысы қатты болуына байланысты бұл тасымал түрінің кеше, 30 наурыз күні уақытша тоқтатылған.

Тасқын судың салдарынан Миялы-Қарабау-Индер облыстық маңызы бар тас жолының Миялы ауылынан 500 метр жердегі бұзылған жердің айналма жолы жырылып, автокөлік қатынасы толықтай тоқтаған.

Қазір аудан бойынша құм толтырылған қапшықтармен бөгеттер салынып жатыр. Әкімдік ақпараты бойынша, 12 мың қапшық Миялы ауылының бөгеттерінде қапталды. 500-ге тарта адам, 13-ке жуық техника жұмылдырылған. Бірақ бөгеттер салуға әлі де қол күші керек деп аудан әкімдігі Миялы ауылы шетіне жергілікті тұрғындарды күректерімен келіп, бөгеттерді биіктетуге көмек беруін сұрап отыр.

Аудан бойынша бүгінде 26 шақырым 350 метр бөгет көтерілген.

Тағы да әкімдік ақпараты бойынша, былтыр көктемгі су тасқыны кезінде ауданға қарасты Қарабау, Тайсойған, Ойыл, Көздіғара, Сағыз ауылдық округтерін тасқын судан қорғау үшін 16 шақырым бөгет соғылған.

Тасқын су салдарынан бүлінген 3 бөгет, 1 өткел қайтадан қалпына келтірілген деп айтылады.

Қызылқоға ауданында жедел желі іске қосылды.

Миялы ауылы - Қызылқоға ауданы орталығы. Атырау қаласынан 300 шақырым қашық орналасқан. Мұнда 8 мыңға жуық халық тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG