1 сәуірде Израиль парламенті – Кнессет "ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін" шетел медиасының хабар таратуына тыйым салатын заң қабылдау бойынша дауыс берді.
RFI бұл заң ең алдымен Қатардың Al Jazeera арнасына қарсы бағытталғанына назар аударады. Кнессеттің 70 депутаты заңды қолдап, 10 адам қарсы дауыс берді. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Қатар арнасының хабар таратуына уақытша тыйым салуға және Израильдегі Al Jazeera бюросын жабуға бұйрық беру құқына ие болды.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, енді үкімет басшысы мен ішкі қауіпсіздік кабинеті БАҚ жұмысын 45 күнге тоқтата алады (кейін арна хабар таратуды қайта жалғастыра алады), оны шілде айының аяғына дейін немесе Газа секторындағы негізгі әскери операциялар аяқталғанша күшінде ұстап тұра алады.
Al Jazeera-ның Израильдегі бас кеңсесі де, Дохадағы Қатар үкіметі де Reuters агенттігіне бұл мәселе жөнінде пікір айтпады. Израильдің Газадағы әскери операциясын қатты сынға алған Al Jazeera арнасы бұған дейін өз кеңселері мен қызметкерлеріне "жүйелі" түрде шабуыл жасады деп Израильді айыптаған.
Израильдің ресми өкілдері Al Jazeera арнасының Газадағы оқиғаларды жариялауына ұзақ уақыт бойы наразылық білдірді. Алайда Израиль Қатардың Газа секторындағы құрылыс жобаларын қаржыландыратынын ескеріп, іс жүзінде шалт қадамға барған жоқ. Екі тарап та бұл жұмысты қарулы қақтығыстың алдын алу құралы ретінде қарастырады.
ПІКІРЛЕР