3 сәуірде Самара – Шымкент тасжолының Маржанбұлақ ауылы маңындағы бөлігінде Volvo жүк көлігі мен Toyota Аlhpard минивені соқтығысып, салдарынан минивен жүргізушісі мен оның жеті жолаушысы – бәрі Өзбекстан азаматы – сол жерде мерт болды. Бұл туралы Ақтөбе облысының полициясы хабарлады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қозғалыс кезінде жүк көлігінің дөңгелегі жарылып, салдарынан жүргізуші көлікке ие бола алмай, жолдың қарсы бөлігіне шығып кеткен.
Жол апатын сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Полиция хабарламасында жүк көлігінің жүргізушісі туралы ақпарат жоқ.
6 наурызда Ақтөбе – Астрахань тасжолының 120-шақырымында жол апаты болып, сегіз адам қаза тапқан. Оның төртеуі – бала. Полицияның мәліметінше, Кеңқияқ кентінен облыс орталығы Ақтөбеге қарай шыққан LADA Largus жеңіл автомобилі таңғы сегіз жарым шамасында тасжолда Toyota Hilux көлігімен соқтығысқан. Салдарынан бірден өрт шығып, сегіз адам күйіп қалған. Қаза тапқандардың бәрі LADA Largus көлігінде отырған.
2023 жылғы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаныс би ауылынан аудан орталығына бара жатқан 5 оқушы, 2 мұғалім мінген көлік жол апатына ұшырап, оқушы мен бір мұғалім қаза болған.
Ақтөбе полициясының наурыздағы мәліметінше, биыл (екі айда) осы өңірде 69 жол апаты болып, 18 адам қаза болған, 91 адам түрлі жарақат алған.
ПІКІРЛЕР