Қазақстандық қытайтанушы ғалым Константин Сыроежкин түрмеден босап шықты. Бұл жөнінде саясаттанушы Антон Морозов хабарлап, саясаттанушымен бірге түскен суретін жариялады. Қытайтанушының түрмеден босап шыққанын өзге де саясаттанушылар жазды.
Сыроежкин түрмеде бес жыл отырды. 2019 жылы "Мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен 10 жылға сотталған қытайтанушы ақпаратқа қарағанда, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.
Бұған дейін бірқатар ақпарат құралдары Сыроежкиннің "түрмеден жазған хаттарын" жариялаған. Жуырда ерте босату туралы өтініші орындалмаған қытайтанушы наурыздың басында жарияланған хатында "президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі бастамалары орындалмайды" деп жазған.
2019 жылы қазан айында Алматы соты "мемлекетке опасыздық жасады" деп айыпталған Константин Сыроежкинді кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған еді. Апелляция соты үкімді ішінара өзгертіп, Сыроежкинді Қазақстан азаматтығынан айыру және ел аумағынан шығарып, Қазақстанға кіруіне тыйым салу туралы қосымша жазаны жойған.
67 жастағы Константин Сыроежкин Алматыда дүниеге келген. СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) жоғары мектебін бітірген, 2006 жылдан Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген Константин Сыроежкин Қазақстандағы белгілі қытайтанушылардың бірі саналады.
Оның үстінен қозғалған құпия іс жайлы кей деректерді 2019 жылы америкалық Wall Street Journal газеті жазған. Басылым сол кезде Қазақстанның күштік құрылымдары Сыроежкинді өз пәтерінде құпия операция барысында ұстаған деп хабарлады. Бұл істен хабардар дерек көзіне сілтеме жасаған газет "Сыроежкин Қытайдың барлау органымен байланысы бар адамдарға құпия құжаттар берген болуы мүмкін" және "сол үшін ақшалай сыйлық алуы ықтимал" деп жазды. WSJ Қытай билігінің Сыроежкиннің ісін "жоқтан бар жасап құрастырылған жаңалық" деп атағанын айтады. Басылымның пайымдауынша, ғалымды тұтқындау "Қазақстанда Қытайдың ықпалына байланысты алаңдаушылық күшейіп келе жатқанын және осалдық сезімі өрши түскенін" көрсетеді. Сонымен бірге газет Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болған жылдары Сыроежкин оның Қытай мәселелері бойынша кеңесшісі болғанына назар аударған. Газеттің дерегінше, Сыроежкин Тоқаевқа Қытаймен шекараны бірлесіп демаркациялау туралы келіссөздер кезінде кеңес берген.
ПІКІРЛЕР