Accessibility links

Ресейдің күштік құрылымдары өлтірген екі қазақстандық Мәскеуге ақпанда ұшып барған


Ресей күштік құрылымының арнайы операциясы кезінде өлтірілген қазақстандық Сәбит Әшіралиев тұрған ауыл. Түркістан облысы, Жаңатұрмыс ауылы 15 наурыз 2024 жыл.
Ресей күштік құрылымының арнайы операциясы кезінде өлтірілген қазақстандық Сәбит Әшіралиев тұрған ауыл. Түркістан облысы, Жаңатұрмыс ауылы 15 наурыз 2024 жыл.

Ресейдің арнайы қызметі өлтірген Жәнібек Тасқұлов пен Сәбит Әшіралиев Алматы-Мәскеу рейсімен Ресейге 27 ақпанда ұшып барған. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында осындай мәлімет айтылады.

ҰҚК-нің айтуынша, қаза болғандарға қатысты "террористік топтың қызметіне қатысу" бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

"Мәлімет бойынша, Д. А. Тасқұлов және С.Е.Әшіралиев Ресейге Алматы – Мәскеу әуе рейсімен биыл 27 ақпанда ұшып барған. Қазіргі кезде ҰҚК Қылмыстық кодекстің 257-бабы 2-бөлігінде қарастырылған қылмыс белгілері бойынша оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр" деп жазылған ҰҚК-ның Азаттыққа жолдаған ресми жауабында.

"Екі қазақстандық Ресейде қайда тұрған және Калуга облысының Коряково елдімекеніне қалай барды?" деген сұрақты ҰҚК жауапсыз қалдырған. Ведомство тергеу құпиялылығына сілтейді.

Бұған қоса, ФСБ операциясы кезінде Тасқұлов пен Әшіралиевтің жанында өзге адамдар болғаны-болмағаны және олардың мәйіттерін Қазақстандағы туыстарына тапсыру бойынша келіссөз жүргені-жүрмегені туралы сұрақтарға да жауап берілмеген.

ҰҚК жауабында "Қазақстан аумағында Хорасан уәлаяты теракт жасамағанын" жазған.

7 наурызда Ресейдің ақпарат құралдары осы елдің федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған "Ислам мемлекеті" террор ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) Ауғанстандағы "Хорасан уәлаяты" атты бөлімшесінің мүшелері өлтірілгені" жөнінде хабар таратты. Ақпаратта ФСБ Калуга облысындағы Коряково елді мекенінде "ұстамақ болған кезде қарулы қарсылық танытқандардың көзін жойғаны" және "олар тұрған үйден Макаров тапаншасы, Калашников автоматы, оқ-дәрі мен қолдан жарылғыш зат дайындауға арналған заттар табылғаны" айтылған.

Кейінірек ресейлік ASTRA телеграм-арнасы ФСБ Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы – Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтірген деген ақпарат жариялады. Онда Қазақстан азаматтары Ресей аумағына 28 ақпан күні барған деп көрсетілген. Сол күні Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейде екі қазақстандық қаза тапқанын растады.

Арада бір апта өткенде ресейлік телеграм-арналар Калуга облысы Коряково елді мекенінде өлтірілген қазақстандық Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұлов Ресейдегі террористер мен экстремистер тізіміне енгізілгені туралы ақпарат таратты.

Әшірәлиев пен Тасқұлов - Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары. Марқұмдардың туыстары оларды "террорист" дегенге сенбейді. Олар марқұмдардың сүйегін Ресейден алдыруға көмектесуін сұрап президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінген еді.

XS
SM
MD
LG