Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 7 сәуірде Газа секторының оңтүстігіндегі барлық жаяу әскерін шығаратынын мәлімдеді. Израильдің 98-дивизиясы Хан-Юнис қаласы үшін төрт айға созылған шайқастан кейін сектордан кетті. Газа секторында олардың бір бригадасы қалды.
ЦАХАЛ өкілдерінің сөзіне сүйенген Kan радиостанциясы әскерді сектордан шығарудың саяси қысымға, соның ішінде АҚШ қысымына қатысы жоқ деп хабарлады. Haaretz басылымының жазуынша, армия өкілі 98-дивизия Хан-Юнистегі ХАМАС тобы жасағын шайқаста жеңді, енді Газада ары қарай қалуға себеп жоқ деген.
Осыдан тура алты ай бұрын, 2023 жылғы 7 қазанда АҚШ пен Еуропа Одағы террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС тобы Газа секторы аумағынан Израильге шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан 1200-ге жуық адам қаза тауып, ХАМАС кепілге алған 250-ге жуық адамды өзімен бірге Газа секторына алып кетті.
Израиль шабуылға жауап ретінде Газа секторын бомбалап, кейін әскери операция бастаған. Бұл операция ХАМАС-тың көзін құрту және осы топты Газаға билік жүргізуден айыру, кепілге алынған адамдарды босату мақсатын көздеді. Алты айға созылған шайқастан кейін ХАМАС бақылауында сектордың бір бөлігі, атап айтқанда оңтүстіктегі Рафах қаласы қалды. Ол жақта басқа аудандардан көшуге мәжбүр болған палестиналық бейбіт тұрғындар бар. Израиль билігі Рафахтағы ХАМАС тобына қарсы операцияға дайындық туралы хабарлаған, бірақ әлемнің көптеген елі, соның ішінде АҚШ бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін алға тартып, ондай операцияға қарсы шықты.
Израиль әскери өкілдерінің айтуынша, Хан-Юнис аумағындағы әскері шығарылған соң ол жаққа Рафахтағы палестиналықтар орала алады.
Палестина жағының мәліметінше, алты айда Газа секторында 33 мыңнан астам адам қаза тапқан. Израиль кемінде 12 мың ХАМАС өкілі өлген дейді. Бұл деректі растайтын тәуелсіз ақпарат жоқ.
Израиль армиясы бұл шайқаста 600 адамнан айырылды, шамамен 260-қа жуық әскери қызметкер операция басталғаннан кейін Газа секторында қаза тапқан. Израиль ХАМАС кепілге алған 34 адамның қаза тапқанын хабарлады. Олардың есебінше, кепілге алынған 95 адам тірі қалған. Қарашада бітім кезінде ХАМАС кепілде ұстаған 100-ден астам адамды босатты. Атысты тоқтату және кепілге алынған адамдарды босату туралы келіссөздердің кейінгі кезеңі әлі нәтиже берген жоқ.
Сенбі күні Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) палестиналық "Исламдық жиһад" радикал тобы кепілге алған Элад Кацирдің сүйегін алғанын мәлімдеді. ЦАХАЛ мәліметінше, оны қаңтардың ортасында өлтірген болуы мүмкін.
ПІКІРЛЕР