Accessibility links

БҚО ветеринария басқармасы: топалаңнан өлген мал көмілген жерден ауру тарау қаупі жоқ


Тасқын су басқан аймақтарда бұрын топалаң тиіп өлген мал көмілген аумақтардағы эпизоотиялық жағдай тұрақты, дерт таралу қаупі жоқ деп мәлімдеді 9 сәуірде Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Абзал Бірәлиев.

"Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысындағы су басқан өңірлерде 13 емес, 3 көмінді су астында қалғаны рас. Бірақ топалаң ауруын қоздырғыштар еріген сумен таралады деген сөз шындыққа жанаспайды. Өйткені [аурудан өлген мал] көмілген орындардың барлығы ветеринария-санитариялық талаптарға сай бетондалып, қоршалған. Қоршаған ортаға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ", – деді Абзал Бірәлиев.

Осы басқарманың тағы бір өкілі Нұрқайыр Құсайыновтың айтуынша, су басқан әлгіндей жерлерді арнайы мамандар барып тексереді, егер жабынды бүлінгені анықталса, ол қайта қалпына келтіріледі.

"Биылғы су тасқыны кезінде де мыңдаған мал шығынға ұшырады. Алдын-ала мәлімет бойынша, облыста су тасқыны салдарынан 219 бас ірі қара, 1552 қой-ешкі, 54 жылқы, 97 шошқа және 119 үй құсы өлген. Аудандарда құрылған арнайы комиссиялар мал шығынын әлі есептеп жатыр. Өйткені кейбір елді мекендер әлі суда тұр, кейбіріне жол қатынасы үзілген" деді Құсайынов.

Мамандар тасқыннан өлген малды ветеринариялық-санитариялық талаптар бойынша жоюға кірісті деп хабарлады облыстық басқарма.

Осыдан бір күн бұрын ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин бұрын топалаң тиіп өлген мал көмілген аумақтарда қауіпті дерт тарау қаупі жоқ деп мәлімдеген.

"Ауру мал өртеледі де, күлі бетоннан жасалған саркофагқа салып көміледі. Оның айналасына дезинфекциялық заттар салынады. [Өлексе] көмілген аумақ оқшауланған, ол жерде індет бар-жоғын анықтау мақсатында жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Осы кезге дейін індет бірде бір рет жер бетіне шығып көрген емес", — деп мәлімдеген еді дүйсенбіде АШМ.

Министрлік "мал қорымдарын су басқан жағдайда аса қауіпті инфекциялар пайда болу ықтималдығы жоқ деуге болады, судың беті қайтқаннан кейін ондай нысандар түгелдей тексеріледі" деп хабарлаған.

8 сәуірде "Уральская неделя" басылымы Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасына сүйеніп, өңірде аурудан өлген мал көмілген сегіз қорым мен топалаң тиіп қырылған түлік көмілген 14 орын тасқын судың астында қалды" деп хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG