Accessibility links

Сенат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады


11 сәуірде сенат тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" құжат президентке қол қоюға жіберілді.

Заң жобасында төмендегідей өзгерістер қарастырылған:

  • кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді;
  • денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргендерге шектеу жазасын тағайындауға тыйым салынады;
  • бала өлтіргендер, бала зорлығына қатысы барлар және балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге өмірлік түрме жазасы енгізіледі;
  • 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскендерге жауапкершілік енгізіледі – Қылмыстық кодексте арнайы бап пайда болады;
  • Бұдан бөлек, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекс жаңа қылмыс құрамымен толықтырылады;

Заң жобасында өзге де өзгерістер қарастырылған. Кәмелетке толмағандарға буллинг жасағандарға, 16 жастан аспаған балаларды қоғамдық көліктен түсіргендерді жауапқа тартуға мүмкіндік беретін Әкімшілік кодекске баптар енгізілмек. Заң сонымен бірге кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шара қолданбаған ата немесе заңды өкілге де жауапкершілік жүктейді.

"Қылмыстық кодекске енгізіліп жатқан өзгерістердің мақсаты – құқық бұзудың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшейту, оның ішінде балаларға қатысты жасалған құқық бұзу әрекеттері үшін жазалау шараларын қатаңдату" деді сенат депутаты Жанна Асанова.

Оның сөзінен "Қазақпарат" үзінді келтіреді.

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық ең үлкен мәселелердің бірі саналады. БҰҰ дерегінше, елде жылына кемі 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады.

Былтыр жыл соңында Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамды дүр сілкіндіріп, халық әйелді қорғамайтын заңдарға шүйліккен. Іле-шала депутаттар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заң ережесін қатаңдатуға кіріскен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG