Accessibility links

Ақтөбе облысындағы су тасқыны: Қобдада 26 үй құлаған, 200-ден астам тұрғын өтемақы сұраған


Су тасқынынан кейінгі Қобда. Ақтөбе облысы, 12 сәуір 2024 жыл.
Су тасқынынан кейінгі Қобда. Ақтөбе облысы, 12 сәуір 2024 жыл.

Су тасқыны электр бағаналарын құлатып кеткелі бері Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Байтақ, Сөгалы ауылдары мен бірнеше қыстақ жарықсыз отыр. Бұл ауылдарда жарық 27 наурыз күні өшіп қалған.

- Байтақ ауылына жарық бүгін, жұманың кешінде берілуі тиіс. Ол жерде қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр бағандары құлап жатқан жердегі су әлі қайтқан жоқ. Сол себепті арнайы техника бара алмай отыр, - дейді Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев.

Қобдада су тасқынынан келген залал әлі есептеліп бітпеген. Әкімдіктің мәліметінше, үйіме су кірді деген 238 тұрғын өтемақы сұрап арызданған. Алдын-ала есепке қарағанда, тасқын 26 үйді құлатып кеткен. Тағы 12 үй тұруға жарамсыз.

Қобда - 2023 жылғы көктемде де тасқыннан зардап шеккен болатын. Биыл да қырдан құйылған қар суы Қобданың батыс бөлігін басып қалған.

- Тірнектеп жинаған тиын-тебенімізге аудан орталығы Қобдадан үлкен үй тұрғызғанбыз. Биыл жазда Байтақ ауылынан көшіп келсек деген жоспарымыз болған. Онымен үйімізді су басып қалды. Әкімдіктің өзге учаске беріп, өтемақы төлеуін талап етемін. Өйткені, мына учаске судың табиғи арнасында тұр. Былтыр да, биыл да суға кеттік, - дейді Аққалам Жетпісбаева.

Қобда тұрғыны Қуаныш Аманшиевтің де бес жыл қыстаған үйі Қобданың батыс бөлігінде. Қарғын су Аманшиевтердің баспанасын тұруға жарамсыз еткен.

- Былтыр ауламды су басқанда әкімдік 20 қапшық цемент берген еді. Биылғы тасқыннан соң үйім мүлдем жарақсыз болып қалды. Жан-жаққа босып кеттік. Кезінде жер бергеніне қуанып, ала беріппіз. Сөйтсек бұл үй салатын жер емес, лиман екен. Бұған біреу жауап беруі тиіс қой,- дейді Қуаныш Аманшиев.

Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереев 2014 жыл жер учаскесін бөлген кезде кімнің қандай қателік жібергені жіті тексерілетінін айтты. Әкімдіктің мәліметінше, баспанасы құлаған және тұруға жарамсыз тұрғындар үшін Қобданың шетінен жаңа аудан салынады. Жаңа үйлердің орны белгілі, учаскелерге инфраструктура тартылған.

Қобда - Ақтөбе облысындағы су тасыған кезде төтенше жағдай жариялаған алты ауданның бірі. Облыста тасқын қаупі әлі де толық сейілген жоқ. Тасқын басып қалған үш жүзге жуық үй әлі де суда тұр. Ақтөбе облысының әр ауданындағы 130 үйді тасқын құлатып кеткен. Бұл сан өзгеруі мүмкін, себебі шығын көлемі әлі толық есептеліп біткен жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG