Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйел құқығы мен балалар қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңға қол қойды. Бұл туралы 15 сәуірде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Заңға сәйкес, ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қылмыстық жаза қарастырылған. Заңдағы негізгі жаңалық ретінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызу, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаны қатаңдату және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары аталады.
Заң бойынша, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірген адамға 200 АЕК (164 доллар) айыппұл я 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегу не 50 күнге қамау жазасы тағайындалады.
Ал қол көтерген адамға заңға сәйкес, 80 АЕК (658 доллар) айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыс я 25 күнге қамау жазасы қарастырылған. Қазіргі заң бойынша 15 АЕК (123 доллар) және 15 күнге қамау жазасы тағайындалады.
Егер мұндай әрекеттер кәмелетке толмаған балаға не қызметте я кәсіп не қоғамдық борышын орындап жүрген адамға аса қатыгездікпен жасалса бас бостандығын екі жылға дейін шектеу я бас бостандығынан екі жылға айыру жазасы қолданылады.
Заң жобасына сай, педофилияға өмір бойына соттау жазасы белгіленеді.
Адамды өзін өлтіруге немесе оған итермелеуге бес жылдан тоғыз жылға дейін түрмеге қамау көзделген. Бұдан бөлек, суицидті насихаттағандарға 200 АЕК (1651 доллар) айыппұл салынады.
Өткен аптада бұл заң жобасын сенат мақұлдаған. Кейінгі жылдары құқық қорғаушылар мен фем-белсенділер тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы заң қабылдауды, әйелге зәбір көрсететіндерге жазаны күшейтуді белсенді түрде талап етіп келген.
Бұл заң жобасы 2020 жылғы қыркүйекте мәжілісте бірінші оқылымнан өткен, бірақ 2021 жылы қаңтарда депутаттар құжатты пысықтау керек деп мәлімдеді. Кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң жобасы "қайта қарап, барлық пікірді ескеруге" шақырды.
- Кейінгі жылдары Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбы көп талқыланды.
- Құқық қорғаушылар Қазақстанда "барлық деңгейде фемицид барын" айтады. БҰҰ есебінше, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Ал елде әйелге қарсы зорлық-зомбылықтан соң қозғалған істердің 40 пайызы ғана сотқа жетеді.
- Былтыр 31 жастағы Салтанат Нүкенованың өлімі Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікірталасты күшейті. 44 жастағы бұрынғы шенеунік Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі жолдасы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған. Бишімбаев "өлтіру ниетім болған жоқ" деп, айыпты мойындамайды.
ПІКІРЛЕР