Accessibility links

Астана Израиль мен Иранға сапарларға шектеу қоймайды


Израиль аумағына ұшырылған дрон немесе зымыран болуы мүмкін. 14 сәуір, 2024 жыл.
Израиль аумағына ұшырылған дрон немесе зымыран болуы мүмкін. 14 сәуір, 2024 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Израиль мен Иранға баруды жоспарлаған Қазақстан азаматтарына сыртқы саясат мекемесінен ұсыныс айту жоспарда жоқ деп мәлімдеді.

"Адам өз бетінше шешім қабылдауы керек деп айта аламыз. Бірнеше елдің әуе кеңістігі бір түнге жабылғаны, бәрі тоқтады дегенді білдірмейді. Ұшақтар қайта ұша бастады, тек кей компания ғана ұшуды тоқтатты" деді Қазақстан СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров 15 сәуірде өткен брифингте. Оның сөзін жергілікті басылымдар жариялады.

Смадияровтың айтуынша, Израиль аумағында консул есебінде тұрмаған жүзге жуық қазақстандық болуы мүмкін.

"Израиль аумағында консул есебінде елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қосқанда Қазақстанның 123 азаматы тіркелген. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, Израильде тағы жүзге жуық Қазақстан азаматы болуы мүмкін. Олар консул есебінде жоқ" деді СІМ ресми өкілі.

Смадияровтың сөзінше, Тель-Авив халықаралық әуежайы әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр, азаматтар Қазақстан консулымен үнемі байланыста отыр. СІМ өкілінің айтуынша, Израильден кету немесе сол елде қалу жайлы шешімді Қазақстан азаматтары өз бетінше қабылдауы керек.

Иранда консул есебінде елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қосқанда Қазақстанның 104 азаматы бар. Бұдан бөлек, Иран аумағындағы қазақстандық компанияда 174 қызметкер вахталық әдіс бойынша жұмыс істейді, сондықтан есепке тұрмайды деді Смадияров.

Бұған дейін Қазақстанның авиация әкімшілігі саяси жағдайға байланысты қазақстандық әуе компанияларға Иран, Ирак, Иордания, Ливан, Израиль, Египет пен Сирияның әуе кеңістігінде ұшпауға кеңес бергені айтылды.

"Қазір қазақстандық әуе компаниялар жоғарыда аталған елдердің әуе кеңістігін айналып өту мақсатында рейстер кестесін қайта қарап жатыр" деп хабарлады Қазақстан азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Израиль армиясының мәліметінше, 14 сәуір таңертең Иран өз аумағынан Израильге қарай жүздеген зымыран мен дрон ұшырған. Израиль әскери өкілдерінің мәлімдеуінше, олардың 99 пайызы Израиль әуе кеңістігінен тыс жерде немесе сол елдің аумағында атып түсірілген. ЦАХАЛ ресми хабарламада Израиль тұрғындарын тыл қолбасшылығы нұсқауына сай әрекет етуге шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG