Accessibility links

Сот Нүкенованың қазасына байланысты ресейлік мамандар жасаған қорытындыны дәлел ретінде қабылдамады


Айыпталушы Қуандық Бишімбаев (ортада) және адвокаты Назкен Құсайынова (оң жақта) сотта тұр. 2024 жылдың наурыз айы.
Айыпталушы Қуандық Бишімбаев (ортада) және адвокаты Назкен Құсайынова (оң жақта) сотта тұр. 2024 жылдың наурыз айы.

"Әйелін аса қатыгездікпен өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың процесінде сот ресейлік мамандардың қорытындысын іске дәлел ретінде қосудан бас тартты.

Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова кеше, 16 сәуірде ресейлік мамандардың қорытындысын оқыған. Ресейлік мамандар жасады деген қорытындыда Салтанат Нүкенованың "3-4 апта бұрын алған субдуральды гематомасы жарылып, кейін миына қай құйылған" деген. Бұған қоса, Ресейдегі мамандар "гематоманың жарылуына күшті соққы әсер етпеуі мүмкін", Нүкенованың "басында соққы алу белгілері байқалмайды" деп жазған.

Кейін судья Айжан Құлбаева бұл сараптаманы іске қосу-қоспау бойынша шешім шығару үшін ақылдасу бөлмесіне кеткен. Ал бүгін, 17 сәуірдегі сотта судья Құлбаева Ресей мамандарының қорытындысын іске дәлел ретінде қосылмайтыны жайлы шешімді оқыды. Судьяның сөзінше, ресейлік мамандар Нүкенованың мәйітін зерттемей, тек сот-медициналық сараптаманың сканерленген шешімі бойынша қорытынды жасағанын. Сот мұндай қорытындыға жол берілмейтінін айтып, құжатты дәлелдер қатарынан алып тастады.

Нүкенованың мәйітіне сот-медициналық сараптама жасаған қазақстандық эксперт Тахир Халимназаров 9 сәуірде сотқа келіп, Нүкенова басынан көп соққы алғанын, мойнында қылқындыру іздері барын айтқан. Маман Нүкенованың "мұрнын унитазға ұрып сындыруы мүмкін" деген еді. Ол "адам унитазға өзі құлап мұндай ауыр жарақат алуы мүмкін емес" деп мәлімдеген. Бұған дейінгі соттарда айыпталушы Бишімбаев Нүкенова унитазға өзі құлап жарақат алған деген еді.

Одан кейінгі сот отырыстарында Бишімбаевтың адвокаттары Халимназаров жариялаған сот-медициналық сараптамамен келіспей, ресейлік мамандардың қорытындысын іске қосуды сұраған.

  • Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев былтыр 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған. Бишімбаев "өлтіру ниетім болған жоқ" деп, айыпты мойындамайды.
  • Бұл іс бойынша Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деп сотқа тартылып жатыр. Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша алқабилердің қатысуымен 27 наурызда басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG