7 сәуірде Қостанай қаласының әкімшілік соты "Көктем" бағбан серіктестігінің тұрғыны 39 жастағы Қайрат Мұсабаевты 10 тәулікке қамады.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында істің жай-жапсары айтылмайды. Сот қаулысы "сот кабинетінде" жарияланғаны жазылған.
Ақпаратқа қарағанда "Көктем" тұрғыны "қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған. Ол видео түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Сот қаулысында оның нақты қандай "былапыт сөз" айтқаны көрсетілмеген. Дегенмен жауапкердің кінәсі "жиналған айғақтармен" дәлелденгені жазылған.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның президент Тоқаев пен үкіметті сынап, эмоциямен пікір білдіріп жатқаны жөнінде видео жарияланған.
"Соның бәріне сіздер жол бердіңіздер" дейді видеода ер адам. Ол қаншама адамның баспанасыз қалғанын, мүлкінен айырылғанын, тіпті кей аудандарда адам өлімі болғанын еске салады.
"Қыста тоңамыз, жазда өртенеміз. Көктем келетінін болжай алмай, кенеттен суға батамыз. Ешқашан ештеңеге дайын болған емессіздер" дейді видео авторы. Видеоны оппозиция белсенділері мен телеграм-арналар жариялады.
Осыған ұқсас айыппен әкішілік қамауда болған 57 жастағы Ақылбек Темірғалинов та 17 сәуірде қамаудан босап шықты. Ол Ақсу қаласында изоляторда алты күн қамауда отырды.
Павлодар облысының тұрғыны 11 сәуірде су тасқынына байланысты үкіметті сынап, әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Темірғалиновтің сөзінше, оны да "қоғамдық орында былапыт сөз айтты" деп айыптаған. Мұнда әлеуметтік желі қоғамдық орынға телінген. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының сарапшысы Ғалия Әженова жазбадағы "үш әріптен құралған сөз" жеке бір адамға бағытталмағанын және су тасқынына байланысты жеке адамның пікірі екенін айтқан.
- Наурыздың соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен әкімдерді "салғырттығы және кәсіби емес әрекеті үшін" сынаған. Ол үкімет пен әкімдіктердің бірігіп әрекет етпей отырғанын айтып, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда тұрғындардың мүліктерінен айырылғанына қынжылған.
- Қазақстанда су тасқыны алғаш болған аймақтардың бірі Қостанай облысы. 28 наурызда Арқалық қаласында, Жангелді, Амангелді аудандарында төтенше жағдай жарияланды. 6 сәуірде Қостанай әкімі Марат Жүндібаев қалада төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді. Биліктің 17 сәуір күнгі ақпаратынша, Қостанай облысы Жангелді ауданы Торғай ауылынан 2834 адам алдын ала эвакуацияланған. ТЖМ хабарламасында олардың қаншасы эвакуация пунктеріне шоғырланғаны айтылмаған. Қазақстанда су тасқыны аймақтарынан жалпы 117 мың адам қауіпсіз жерге көшірілген.