Accessibility links

Адвокаттар алқасы төрағасы Бикебаев Бишімбаев сотындағы әріптестерін талқыламауға үндеді


Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта сөйлеп тұр.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта сөйлеп тұр.

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев адвокаттарды "азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді" деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі әріптестерін жария талқылауды тоқтатуға шақырды. Ол бұл туралы 18 сәуірде Facebook-те пост жариялады.

"Бұл әрекеттер кәсіби әдеп кодексін бұзуға апарып соғуы мүмкін. Әр нәрсенің шегі болуы керек. Әр адвокат адвокатураның беделін ойлауға тиіс" деп жазды Бикебаев.

Бикебаев алдағы күндері республикалық адвокаттар алқасының төралқасы Бишімбаев сотына байланысты мәселелер жөнінде аумақтағы адвокаттар алқалары басшыларының қатысуымен арнайы кеңейтілген отырыс өтетінін хабарлаған. Бірақ нақты қай күні екенін айтпады.

Адвокат Жохар Өтебеков телеграм-арнасындағы жазбасында бұл отырысты тікелей эфирде өткізуді ұсынды. Оның пікірінше, Бишімбаев сотындағы адвокатқа судья негізсіз жеке қаулы шығарған.

"Әріптесімізге сот тағы бір негізсіз жеке қаулы шығарғанына куә болдық. Бұл жолы адвокат Ерлан Ғазымжанов зардап шекті. Ерланды жария түрде жалғыз мен ғана қолдадым. Өкінішке қарай, республикалық адвокаттар алқасы оған әлі қолдау танытқан жоқ.

Өркениетті елдерде судья адвокатқа жеке қаулы шығарады, тергеуші ұсыныс енгізеді деген нәрсе жоқ. Бұл — біздегі адвокатураға ең қауіпті қысым құралы" деп жазды Өтебеков. Ол адвокаттар отырысында осы мәселені талқылауды ұсынды.

15 сәуірде Қуандық Бишімбаевтің ісін қарап жатқан сотта судья Айжан Құлбаева процесс барысында адвокат Ғазымжанов "сотқа бірнеше рет құрмет көрсетпеді" деп, оған жеке қаулы шығарған.

  • Экс-министр Қуандық Бишімбаев былтыр 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасында азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы "асқан қатыгездікпен өлтірді" деп айыпталған. Бишімбаев "өлтіру ниетім болған жоқ" деп, айыпты мойындамады.
  • Осы сот процесінде Бишімбаевпен бірге оның туысы, оқиға болған мейрамхананың иесі саналатын компанияның директоры Бақытжан Байжановтың да ісі қаралып жатыр. Оған "Қылмысты жасыру" және "Аса ауыр қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша айып тағылған.
  • Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша сот тыңдауы 27 наурызда басталған. Процеске алқабилер қатысып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG