Accessibility links

Алматыда автобус жүргізушісін ұрған адамға үкім оқылды


Үш адам опат болған автобус апаты болған жер. Алматы, желтоқсан 2023 жыл.
Үш адам опат болған автобус апаты болған жер. Алматы, желтоқсан 2023 жыл.

Алматыда автобус жүргізушісі соққыға жығылып, үш адам қаза болған көлік апатына қатысты істе үкім оқылды.

Бұл іс бойынша жалғыз айыпталушы Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оған "Бұзақылық" және "Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі не көлiк пайдалану қағидаларын бұзу" баптары бойынша айып тағылған. Сот оны осы екі бап бойынша кінәлі танып, қауіпсіздігі жеңіл мекемеде 8 жыл түрме жазасын тағайындады.

Ахметжановтың өзі "Бұзақылық" бабы бойынша айыпты ғана мойындады.

Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.

Сот материалдық және моральдық өтемақы өндіру туралы жәбірленушілердің туыстарының шағымын қанағаттандырды.

Жәбірленуші Құсайыноваға Ахметжанов материалдық өтемақы ретінде – 6 млн 397 мың теңге, моральдық өтемақы ретінде 5 млн теңге төлеуге тиіс. Бұған қоса, сот оны жәбірленуші Байдуалиевке моральдық өтемақы ретінде 10 млн теңге төлеуге міндеттеді.

Автобус жүргізушісі мен автопарктен моральдық өтемақы өндіріп беру туралы өтінішті сот кері қайтарды. Автобус жүргізушісін сот жәбірленуші деп таныды.

Былтыр 22 желтоқсанда Алматыда N47 автобуста жолаушы жүргізушінің басынан ұрып, куәгерлердің сөзінше шопыр есінен танып қалған. Басқарусыз қалған автобус аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, үш адам қаза болды. Оқиғадан тағы төрт адам жараланып, ауруханаға түскен.

Ақпаратқа қарағанда, айыпталушы жолақы төлеуді талап еткен жүргізушінің сөзіне наразы болған. Тоқтауға болмайтын жерде автобусты тоқтатуды талап еткен. Ал жүргізуші тоқтамаған. Ахметжанов ашуланып, жүргізушіні балағаттап, бетінен екі рет ұрған. Жүргізуші сотта соққыдан талып қалғанын айтты. Автобус бірнеше адамды қағып, үш адам қаза болған. Ал айыпталушы жүргізушінің есінен танбағанын, оның автобусты тоқтатуға мүмкіндігі болғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG