Accessibility links

Грузия парламенті Ресейдің "шетел агенті" туралы заңына ұқсас заң жобасын мақұлдады


Грузия парламенті.
Грузия парламенті.

1 мамырда Грузия парламенті "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Оппозиция оны Ресейдің "шетел агенті" деп аталатын заңына ұқсатады.

Заң жобасы дауысқа салынғанда парламенттегі 150 депутаттың 83-і – биліктегі "Грузия арманы" партиясы өкілдері мен олардың жақтастары құжатты қолдады. Оппозиция депутаттары дауыс беруге қатысқан жоқ. Дауыс беру қорытындысы осы даулы жобаны бірінші оқылымда қабылдаған кездегідей болды.

Құжатты түпкілікті түрде мақұлдау үшін құжатты үшінші оқылымда қабылдау керек. Даулы жоба 17 мамырда дауысқа салынады.

Сәрсенбі, 1 мамыр күні кешке Тбилисидегі Грузия парламенті алдына заң жобасына қарсы жұрт тағы жиналып, митинг өткізді. Наразылар ғимараттың кіреберісін жауып тастады. Куәгерлердің айтуынша, полиция адамдарды тарату үшін жас ағызатын газ бен су шашқан.

Заң жобасына қарсы Грузия президенті Саломе Зурабишвили наразыларды парламент есігінің алдынан кетуге шақырды.

Бұған дейінгі митингіде халық пен полиция қақтығысып қалып, наразылық кезінде елдегі негізгі оппозициялық "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының төрағасы Леван Хабеишвили зардап шеккен. Тбилисиде "шетел агенті" заңына қарсы ақциялар бірнеше аптадан бері жалғасып жатыр.

Заң жобасын екінші оқылымда талқылау екі күнге созылды және ұрыс-керіс болды. Парламент спикері Шалва Папуашвили оппозициядан төрт депутатты залдан шығарып жіберді. Өзара қарсы депутаттар бір-бірімен шекісіп қалды.

"Шетел агенті" заң жобасы қабылданса, бюджетінің 20 пайызы шетелден алған қаражаттан құралған ұйымдар мен басылымдардың арнайы тізімі пайда болады. 2023 жылғы 7 наурызда Грузия парламенті бұл заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған соң елде жаппай наразылық басталған. Кейін парламенттегі "Грузия арманы" партиясы және "Халық күші" қозғалысы заң жобасын кері қайтарып алған.

Ал 2024 жылы сәуірде "Грузия арманы" заң жобасын парламентте қайта ұсынды. Түзетілген нұсқада "шетел агенті" терминінің орнына "шетел мүддесін көздейтін ұйым" деген сөз қолданылған. Биыл 17 сәуірде парламент заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили наразыларды қолдап, заңға вето қоятынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG