Accessibility links

АҚШ Ресейді Украинаға қарсы соғыста хлорпикрин қолданды деп айыптады


Газға қарсы бетперде киген Украина сарбаздары жаттығуда жүр. Архивтегі сурет.
Газға қарсы бетперде киген Украина сарбаздары жаттығуда жүр. Архивтегі сурет.

АҚШ Ресейді Украинаға қарсы соғыста химиялық қару қолданды деп айыптады. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің Ресейге жаңа санкциялар салғаны туралы ресми хабарламасында айтылған. Ақпаратқа қарағанда, Ресейге сыртқы агрессиясы мен ішкі репрессиясына байланысты салынған санкциялар қысымды арттыруға арналған.

Қаржы министрлігінің санкция тізімінде 200-ден астам жеке тұлға мен компания бар. Мемлекеттік департамент тағы 80-ге жуық компания мен адамға санкция салды, оның ішінде Ресейдің Химиялық қаруға тыйым салу конвенциясын бұзғаны айтылған.

Хабарламаға сәйкес, АҚШ мемлекеттік департаменті Ресей Украина әскеріне қарсы хлорпикрин деген улы зат қолданған деген қорытынды жасаған. Бұл зат химиялық қаруға тыйым салатын ұйымның қара тізіміне енген. Хлорпикрин бірінші дүниежүзілік соғыста қолданылған.

Мемлекеттік департамент хабарламасында Ресей әскері Украинада полицияның наразыларды таратқан кезде қолданатын, ағзаны тітіркендіргіш заттарды пайдаланады деп жазылған. Бұдан бөлек, Ресей Сергей мен Юлия Скрипальдің, Алексей Навальныйдың жүйкені зақымдайтын "Новичок" атты улы заттан уланғаны сияқты Химиялық қаруға тыйым салу конвенциясын бұзып жатыр делінген.

Бұған дейін Ресей әскері майданда химиялық заттар қолданғанын Украина қарулы күштері өкілдері мәлімдеген. Уланғандар туралы, оның Ресей әскеріне қандай да бір жетістік әкелгені туралы деректер айтылмады.

Мәскеу АҚШ мәлімдемесіне әзірше жауап берген жоқ.

АҚШ мемлекеттік департаментінің санкциялар тізіміне Ресей қорғаныс министрлігінің радиологиялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскері, сондай-ақ НИИПА (қолданбалы акустика ғылыми-зерттеу институты) және Ресей қорғаныс министрлігінің 48-ғылыми-зерттеу институты енген. Мәліметке қарағанда, бәрінің химиялық және биологиялық қару жасауға қатысы бар.

Мемлекеттік департамент "Новатэк" компаниясының "Арктик СПГ-2" жобасына қатысы бар бірқатар компанияға, тоғыз кемеге, "Сибантрацит" тобына кіретін көмір өндіруші өнеркәсіптегі бірқатар кәсіпорынға, "Росатоммен" байланысты компанияларға, әскери-өнеркәсіп кешендер мен олардың басшыларына, сондай-ақ түрмеде қазаға ұшыраған Алексей Навальныйға қатысты жазаны өтеуді қадағалайтын органның үш қызметкеріне санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG