Accessibility links

Астанада ұсталған блогер прокуратураға шағымданды


Блогер Самат Ысқақов. Астана, 2 мамыр 2024 жыл.
Блогер Самат Ысқақов. Астана, 2 мамыр 2024 жыл.

Астаналық блогер бір күн бұрын өзін үстаған күштік құрылым қызметкерлерінің әрекетіне қатысты аудандық прокуратураға шағым түсірді. Бұл жөнінде блогердің өзі Азаттыққа хабарлады.

Бұрын мемлекеттік БАҚ-та істеген Ысқақовты 1 мамырда полиция қызметкерлері жағалау маңынан ұстап, Байқоңыр аудандық полиция бөліміне жеткізген. Бұл жөнінде блогер полициядан шыққаннан кейін әлеуметтік желіде де хабарлаған. Бұған дейін оппозицияның митингісі осы орында өтетіні айтылып, 1 мамырда осы маңда полиция бақылауы күшейген еді.

Полицияда блогер Ысқақов шамамен алты сағат болған, ізінше оған айып тақпай босатып жіберген. Ысқақовтың сөзінше, оның сөмкесі мен құжаттарын полицейлер екі рет тексерген. Елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қатысты пікірін де сұраған. Оны ұстағаннан кейін телефонын тартып алған. Полиция қызметкерлерінің бірі ішін ақтара бастаған.

Байқоңыр аудандық полиция бөлімінде блогерден саусақ іздері алынып, суретке түсірілген. Ысқақовтың сөзінше, тергеуге экстремизммен күрес бөлімінің қызметкерлері де қатысқан.

Оның сөзінше, полиция қызметкерлері телефонындағы видеоларды өшіруді талап еткен (жағалау маңында блогер жәй киім кигендерді түсірген). Блогердің айтуынша, оған "жаман пиғылдағы адамдар сол видеоны пайдаланып кетуі мүмкін" деп "ескерткен".

Блогерге жақындарына және адвокатқа хабарласуға мүмкіндік берілмеген.

"Мені алты сағат бойы ұстағаны қаншалықты заңды деген сұрақ туындайды. Олар бірнеше рет ұялы телефонымды тексерді, заңға қайшы ештеңе таба алмады. Менің барлық деректерімді тексерді. Полицейлер, жәй киім кигендер әлеуметтік желідегі акканттарымды қарады" деді Самат Ысқақов.

YouTube-та жарияланған видеода Самат Ысқақов Қазақстан президентіне қайырылып, күштік құрылымдардың "дөрекілігі" "Қазақстанның беделіне нұқсан келтіретінін" және "халықтың билікке деген сенімінің жоғалуына ықпал ететінін" айтқан. Ол "шұғыл шара қолдануды" сұраған.

Азаттық Астана полициясының баспасөз қызметінен түсініктеме сұрады. Жаңалық жарияланғанға дейін жауап түспеді.

XS
SM
MD
LG