Accessibility links

Қаңтар құрбандарының туыстары жақындарын ақтауды, арнайы мәртебе беруді талап етті


Қаңтар оқиғасы кезінде жақындары қаза болған бір топ адам Республика алаңындағы «Тағзым мемориалының» алдына жиналды. 3 мамыр 2024 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде жақындары қаза болған бір топ адам Республика алаңындағы «Тағзым мемориалының» алдына жиналды. 3 мамыр 2024 жыл.

Республиканың бірнеше аймағында Қаңтар оқиғасы кезінде жақындары қаза болған бір топ адам 3 мамырда Алматыдағы "Тағзым мемориалының" алдына жиналды. Сөздерінше, олар суретші Асхат Ахмедияровтың Қаңтар оқиғасына арналған “JAD”көрмесіне қатысу үшін әр қаладан келген.

Олар марқұм туыстарын ақтауды, арнайы мәртебе беруді талап етті. Бұған қоса, Назарбаевтың атына берілген көшелерді Қаңтар деп өзгерту қажеттігін алға тартты.

"Бекерден-бекер сотталып жатқан балалар ақталса екен дейміз. Кейбір балалар ақталды. Ал оларды атқандар неге жазаға тартылмайды? Олар ана дүниеде болса да жауап береді. Неге қарапайым халық қана жылап, қарапайым халық өле беруі керек. Неге Тоқаев мырза [көз жұма] қарап отыр?" деді Тараздан келген Бақытжан Шыңғысбеков.

Олар билік тарапынан бұрын кедегі болғанын, қазір жиналуларына ешкім кедергі жасамағанын айтты. Мемориал маңында полиция да, билік өкілдері де болған жоқ.

– Қаңтар ешқашан ұмтылмайды. Балаларымыз террорист емес. Біздің балаларымыз билікке, үкіметке мұңын айту үшін шыққан болатын. Кілең жас балалар. Қаншама көп балалы аналар балаларынан, отбасын асыраушысынан айырылды. Балаларымызға тағылған айыпты алып тастап, мәртебе берсін деп талап етеміз. Қанды Қаңтар кезінде қаза болған балаларымызға "Қаһарман" мәртебесі берілсін! Назарбаев көшесі Қаңтар деп аталсын! Балаларымызды атқан адамдар жазаланса дейміз, - деді Қызылордадан келген Бибигүл Алишева.

1 мамырда Алматыда 2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасына арналған суретші Асхат Ахмедияровтың "JAD" көрмесі ашылған. Он күнге созылатын көрмеге Қаңтар оқиғасына қатысты 11 композиция қойылған. Оның ішінде қаралы оқиға кезінде түсірілген фотолар, үтік, полиция таяғы, медицина қызметкерінің киімі бар.

Көрменің ашылуы кезінде Асхат Ахмедияров перформанс жасаған. Ол ғимаратқа сүйектер байланған арқанды арқалап, жер бауырлап жүрді. Ол мұны 30 жылда елде ақиқаты ашылмаған қанды оқиғалардың көрінісі деп түсіндірген. Оның сөзінше, қоғам сол қасіретті әлі арқалап келеді.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша кемінде 238 адам қаза болған. Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасынан соң ұсталған адамдардың біразы қамауда азапталғанын айтқан. Билік те қамауда азаптау фактілері болғанын мойындаған. Азаптауға қатысты көптеген істерде жәбірленушілер өздерін азаптаған күштік құрылым өкілдерін танымағандықтан іс тоқтатылған деп айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG