Accessibility links

Шымкентте "терроризмді насихаттаған" деген айып тағылған адам 7 жылға сотталды


"Терроризмді насихаттады" деген айып тағылған Сайдумар Ибрагимов сот залында отыр. Шымкент, 19 сәуір, 2024 жыл.
"Терроризмді насихаттады" деген айып тағылған Сайдумар Ибрагимов сот залында отыр. Шымкент, 19 сәуір, 2024 жыл.

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "терроризмді насихаттады" деген айыппен 42 жастағы Сайдумар Ибрагимовты 7 жылға бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сотталушы TikTok желісін қолданып, Қазақстанда террористік ұйым деп танылған "Ислам мемлекеті" тобын насихаттаған, "жиһадқа шақырған" видеолар бөліскен деп танылды. Ибрагимов өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. Ол видеоны бірнеше әлеуметтік желіде бөліскенін растады, бірақ "мазмұны терроризмді насихаттайтынын білмегенін" айтты.

Қылмыстық іс-әрекетті ұлттық қауіпсіздік комитеті анықтап, прокуратура жасырын тергеу амалдарын жүргізуге санкция берген. Сот тағайындаған психологиялық-филологиялық және дінтану сараптамалары Ибрагимов таратқан бейнежазба мәтінінде терроризмді насихаттау белгілері бар деп ұйғарған.

Сот үкімінде Ибрагимов "Мұсылман бауырлар қауымдастығы" ("Әл-Ихуан әл-Мүслимун") террористік ұйымының көзқарасына жататын сөздерді насихаттап, діни уәждер бойынша өзін-өзі құрбан етуге үндейтін, соғыс және зорлық-зомбылық идеялары бар бейнежазбаларды әлеуметтік желі арқылы заңсыз ашық таратқаны айтылған.

Сайдумар Ибрагимовтың кәмелет жасына толмаған төрт баласы бар. Цех ашып, жеке кәсіппен айналысқан. Бұрын "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабымен жауап тартылып, бостандығы шектелген.

Сот кескен 7 жыл жаза мерзімін Ибрагимов қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG