Accessibility links

Қазақстанда зорлық көрген әйелдер мен балаларға көмектесетін тағы бір қосымша іске қосылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда әйелдер мен балалар қауіпсіздігіне арналған AMAN Online қосымшасы іске қосылды. Оны App Store дүкенінен жүктеп алуға болады, қосымша жұмыс істеуі үшін оған арнайы тіркелу керек.

"Қазақстанда әйелдер мен балалар қауіпсіздігі өткір тақырып болған соң осы қосымшаны жасау идеясы туды. Күн сайын жаңалықтардан зорлыққа ұшыраған әйелдерді көріп отырмыз. Біреу сені көшеде аңдығанда немесе үйде үнемі ұрыс болса, оның қандай қорқынышты болатынын түсінемін. Өзімді және достарымды қорғағым келді" дейді қосымшаны жасаған 26 жастағы Аружан Меде.

Оның айтуынша, қосымша жәбірленушіні лицензиясы бар жеке күзет қызметімен байланыстырады. Ақпаратқа қарағанда, күзет қызметі көмек шақырған адамға 7 минут ішінде барады.

"Егер қызға қауіп төнсе, SOS батырмасын басуы керек, сонда бірден көмек туралы хабар түседі. Көмек күту кезінде қосымша аудио мен видеоны және пайдаланушының айналасында не болып жатқанын жазып алады. Сонымен қатар қосымшаға жақын адамдарыңды тіркеп қоюға болады, оларға қауіп туралы хабар түседі, адамның қайда тұрғаны да жіберіледі" дейді Аружан Меде.

Мобильді қосымша қылмыстың алдын алу, өңдеу және құжаттау принципі бойынша жұмыс істейді. Егер SOS батырмасын жай басып қойса, 15 секунд ішінде қоңырауды өшіруге болады. Аудио және видео жазбаларды полиция сұрамаса, екі аптадан кейін өзі жойылады. Қосымшаны әзірше Алматы мен Астана тұрғындары қолдана алады, ол пилот режимде жұмыс істеп тұр.

AMAN Online қосымшасының авторы алдағы уақытта дағдарыс орталықтарымен бірге жұмыс істеуді, әйелдерге қауымдастық құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Әйелдер қауіпсіздігіне арналған SOS қосымшалары басқа елдерде де бар. Сонымен қатар жаңа смартфондарда төтенше жағдайлар қызметіне жылдам қоңырау шалуға немесе төтенше жағдай кезінде арнайы таңдалған нөмірлерге дабыл жіберуге мүмкіндік беретін функциялар бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG