Accessibility links

Макрон мен фон дер Ляйен Қытайды Ресейге соғысты тоқтату үшін ықпал етуге шақырды


Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта), Франция президенті Эммануэль Макрон (ортада) және Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен (оң жақта) Парижде. 6 мамыр 2024 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта), Франция президенті Эммануэль Макрон (ортада) және Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен (оң жақта) Парижде. 6 мамыр 2024 жыл.

Европалық саясаткерлер Қытай басшысы Си Цзиньпинді Украинадағы соғысты аяқтау үшін Ресейге ықпал етуге шақырды. Франция президенті Эммануэль Макрон 6 мамырда Қытай лидерін қабылдады. Макрон мен Си Цзиньпиннің Париждегі келіссөзіне Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйен де қатысты.

Кейінгі уақытта Қытай Ресеймен сауда және әскери байланысты күшейткен.

"Қытай өзінің ықпалын Ресейдің Украинадағы агрессия соғысына нүкте қоюға пайдаланады деп сенеміз" деді фон дер Ляйен кездесуден соң журналистерге.

Бұған қоса, Еуропа лидерлері Еуропа одағы Украинаға қолдауды тоқтатпайтынын мәлімдеген.

Фон дер Ляйен Қытай Кремльдің ядролық қоқаң-лоқысын тоқтату жолында әлі де маңызды рөл ойнайды деген сенімін білдірді.

"Президент Си Ресейдің ядролық қару жөніндегі қоқаң-лоқыларын басуға келгенде маңызды істер атқарды. Президент Си Ресейдің қоқаң-лоқысы әлі жалғасып жатқан тұста осы әрекетін тоқтатпайды деп сенеміз" деді Еурокомиссия басшысы.

Фон дер Ляйеннің сөзінше, лидерлер Қытайдың Ресейге "қандай да бір қару-жарақ жібермеу" міндетін де талқылаған.

"Ресейге сатылып, кейін майданға жеткізілетін тауарларды жеткізуді қысқарту үшін тағы да жұмыстар жасалуы керек. Соғыстың Украина мен Еуропаға қаупін ескерсек, бұл ЕО мен Қытайдың қарым-қатынасына шынымен әсер етеді" деді Еурокомиссия жетекшісі.

Си Цзиньпин Еуропаға сапары кезіндегі келіссөзге қатысты ештеңе айтпады. Дегенмен ол кездесудің басында Украинадағы соғыс жайлы ашық атпаса да, әлемдегі жағдай құбылып тұрған кезде ЕО мен Қытайдың қарым-қатынасы әлемде бейбітшілік орнату үшін маңызды екенін жеткізді.

  • Кейбір басылымдар Қытай 2022 жылы күзде Ресейге Украинадағы соғыста тактикалық ядролық қару қолданудан бас тартқызды деп жазған еді.
  • 6 мамырда Ресей қорғаныс министрлігі "Батыс елдерінің төндірген қаупіне байланысты ядролық қарумен жаттығу өткізетінін" мәлімдеді.
  • Си Цзиньпин бес жылдың ішінде алғаш рет ЕО елдеріне барды. Ол бүгін, 7 мамырда Макронмен келіссөзді жалғастырады. Си Еуропадан оралған соң Қытайға Ресей президенті Владимир Путин келмек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG