Accessibility links

Жаңаөзенде KMG Security жұмысшылары өздерін бірыңғай төлем жүйесіне қосуды талап етті


Жаңаөзенде KMG Security мекемесінің жұмысшылары еңбек құқығы мәселесін алға тартып, видеомәлімдеме жасап тұр. 6 мамыр 2024 жыл.
Жаңаөзенде KMG Security мекемесінің жұмысшылары еңбек құқығы мәселесін алға тартып, видеомәлімдеме жасап тұр. 6 мамыр 2024 жыл.

Жаңаөзенде KMG Security мекемесінің жүздеген жұмысшысы билік пен басшылыққа үндеу жолдап, өздерін “ҚазМұнайгаздың” бірыңғай төлем жүйесіне қосуды талап етті.

Азаттыққа сұхбат берген мекеме қызметкерлерінің бірі Марат Шырақбаевтың сөзінше, шамамен екі апта бұрын олар өздерінің талаптарын хатқа түсіріп, басшылыққа жолдаған. Алайда жауап болмаған.

“Мына видеоүндеуімізді 6 мамырда жаздық. Әзірге ешқандай реакция болмады. Біз “ҚазМұнайгазға” 100 пайыз еншілес компаниямыз. Олар анықтаған төрт топқа кіреміз. Дәл біз сияқты сервистік мекемелер бар. Бірақ олардан айырмашылығы бізді бірыңғай төлем жүйесіне қоспаған. Сол себепті біз ылғи сыйақылардан қағылып отырамыз. Басшылық біздің талаптарымызды естісін дейміз” деді Марат Шырақбаев.

Кәсіподақ өкілі Нұрлан Есетовтің сөзінше, KMG Security компаниясының Жаңаөзен бөлімшесінде 1200 шақты қызметкер бар. Қазіргі кезде талапқа қосылған жұмысшылар саны 500-ден асқан.

Жұмысшылар видеомәлімдемеде "ҚазМұнайгаз" жетекшісі Мағзұм Мырзағалиевтің өзі де "бірыңғай төлем жүйесі ҚМГ-ға еншілес барлық мекемелерде қолданылады" деп айтқанын еске салады. "Талабымыз орындалмаған жағдайда Еңбек кодексіне сәйкес татуластыру комиссиясын құруыңызды сұраймыз" дейді үндеуді оқыған жұмысшылардың бірі.

Видеомәлімдеме президент Қасым-Жомарт Тоқаев, премьер-министр Олжас Бектенов, "ҚазМұнайгаз" жетекшісі Мағзұм Мырзағалиев, KMG Security компаниясының бас директоры Қозы-Көрпеш Карбузов, KMG Security компаниясының Жаңаөзендегі бөлімшесінің директоры Өтеген Қыдырбаевқа бағытталған.

10 мамырда Азаттық KMG Security компаниясының Астана және Жаңаөзендегі кеңселеріне хабарласып көрді. Алайда жауап ала алмады.

"ҚазМұнайгазға" еншілес "KMG-Security" компаниясы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Оның Жаңаөзен қаласындағы бөлімшесінде 1200 адам жұмыс істейді. Компанияның 11 облыста бөлімшесі бар. 2022 жылдан бері компанияға Қозы-Көрпеш Карбузов жетекшілік етеді. Ол 2000-жылдары ҰҚК тергеу департаментінің жетекшісі, 2003-2007 жылдары ҰҚК төрағасының орынбасары болған, қаржы министрлігіне қарасты кедендік бақылау комитетінің төрағасы (2007–2011) қызметін атқарған. KMG-Security мекемесінде шамамен 4,5 мың адам еңбек етеді.

KMG-Security мекемесінің жұмысшылары алғаш рет талап айтып отырған жоқ. Былтыр желтоқсанда KMG-Security мекемесінің Жаңаөзендегі бөлімшесінің ондаған қызметкері бөлімше жетекшісін "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды", кәсіподақ жетекшісін өз міндетін тиісті дәрежеде орындамады деп айыптаған. Бұдан соң бас кеңсе басқару тобындағы жеті қызметкерді қызметтен босатқанын хабарлаған.

Қазақстанда кейінгі бірнеше жылда жұмысшылар ереуілі жиі болып жатыр. Жұмысшылар негізінен еңбек жағдайын жақсартуды және жалақыны өсіруді талап етеді. Бақылаушылардың пікірінше, наразылық түрлі кәсіпорындар мен саладағы мәселелерге назар аудартудың негізгі жолына айналған. Кей компаниялар ереуілге қатысушыларды жұмыстан шығарып не қысқартқан.

XS
SM
MD
LG