Кеше, 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғыны Жанат Кәрібаеваның үйін полиция тінтіп, ұялы телефонын тәркілеген. Бұл жөнінде бүгін Азаттық тілшісіне Жанат Кәрібаеваның өзі хабарлады. Ол мұны “ауыл іргесінде салынып жатқан алтын өндіретін фабрика құрылысына қарсылығымды тоқтату үшін жасалып жатқан қысым” деп санайды.
— Жатын бөлмемнен бастап монша, қора-қопсыма дейін тінтіп шықты. Өткен айда бізді “тіркелмеген бірлестікке қатысты” деп айыптаған болатын, ауыл адамдары құрған сол қоғамдастықтың мөрін іздеп жүргенін айтты. Тінтуден түк шықпағаннан кейін тағы бірнеше адамның үйін тінтетінін айтты. Телефонымды алып кетті. Кейіннен құқық қорғаушылармен сөйлескенімде телефонды адвокатсыз бермеуге құқығым бар екенін бір-ақ білдім, — деді Жанат Кәрібаева.
Ол тінтуден кейін өзін ауыл әкімдігі ғимаратына апарып сұрақ-жауап алғанын айтты.
— 8 мамырда ауыл адамдары фабрика құрылысын тоқтатуды талап еткен болатын. Сол жерге неге барғанымды сұрады. Бұған дейін фабрика жұмысшылары дене жарақатын алды деп хабарлаған еді, “кім соққанын көрдің бе, телефон видеосына түсірдің бе?” деді. “Фабриканың жоғалған заттары бар екен, көрмедің бе?” деді. Шынымды айтсам, білмейді екенмін. Айналып келгенде мұның бәрі ауыл іргесінде салынып жатқан алтын өндіретін фабрика құрылысына қарсылығымды тоқтату үшін жасалып жатқан қысым, — деді Жанат Кәрібаева.
Оның үйіне полиция келген сәтті "БӘСЕ" Telegram-каналы жариялады. Онда өзін “Күршім аудандық полиция бөлімінің аға анықтаушысымын” деп таныстырған адам тінтуге аудандық тергеу судьясының қаулысы бар екенін айтады.
8 мамырда Маралдының 100 шақты азаматы фабрика салынып жатқан аумаққа барып, құрылысты тоқтатуды талап еткен. Артынан құзрлы органдарға видеоүндеу жолдаған. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ауыл адамдары бұл күні “рұқсат етілмеген жиын өткізді”, "фабрика жұмысшылары дене жарақатын алды", "материалдық шығынға ұшырады" деп мәлімдеп, полиция сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлаған. Ауыл тұрғындары әкімдік сөзін жоққа шығарып, "заңсыздыққа барған жоқпыз" деген.
Сәуірде полиция ауылдың алты азаматын "Маралды ауылдық округі бойынша жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастығы" деп аталатын “заңсыз” бірлестік құрды деп айыптап, оларға 92-184 мың теңге аралығында айыппұлдар салған.
“Қоғамдастықты құруымызға әкімдіктегілердің өздері түрткі болған. Ұйым құрып, заң аясында жұмыс істеңіздер деген еді. Біз ауыл әкіміне құжаттарымызды бекіттіріп, мөр алып жұмыс істедік. Фабрика жұмысын тексеруді, өзіміз көрген кемшіліктерге назар аударуды сұрап министрліктерге, депутаттарға, әкімдерге хат жазып келдік. Бірақ қоғамдастықты әділет министрлігінде тіркелмеген, сондықтан полиция оның жұмысын заңсыз деп айтты”, деп түсіндірген мұны ауыл тұрғындары.
Маралды ауылының іргесінде алтын өндіретін фабрика құрылысы 2022 жылы басталған. Тұрғындар содан бері кәсіпорынның алтын кенін ашық әдіспен қазып алып, цианид қоспасымен шаятынына наразы болып келеді. Бұл әдіс табиғатқа зиян келтіріп, өзен мен ауызсуды ластауы мүмкін дегенді айтады. Тәуелсіз экологтар да фабриканың таулы жерде салынуы "қауіпті" екенін, көктемде қар суымен залалды заттар өзенді ластауы мүмкін екенін айтқан.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі "фабрика салынуын салалық министрліктер мақұлдап, өндіріс қоршаған орта үшін қауіпсіз деген қорытындылар берген" дейді.
Маралды кен алқабын Maralicha-Gold тау-кен кәсіпорыны барлайды. Оған бұрынғы туризм және спорт министрі, Астананың экс-әкімі, бұрынғы президент іс басқарушысы, марқұм Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы Шыңғыс Досмұхамбетов иелік етеді.
Ал фабриканы салып жатқан "ВСАМ Продакшнның" құрылтайшысы WSAM Group Ltd деген компания. Оған Ли Вунг, Ли Хайлэн деген Корей инвесторларымен бірге Айдын Рамазанов иелік етеді. Айдын Рамазанов, Egov деректеріне сәйкес, Шығыс Қазақстанның бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бизнесте серіктес. Фабрика құрылысы басталғанда Ахметов облыс әкімі қызметінде болған. Ахметов Рамазановты танымайтынын, оның бизнесіне ықпал етпегенін айтқан.
ПІКІРЛЕР