Чехия полициясы Ресей қорғаныс министрлігіне қарасты бас барлау басқарманың № 29155 әскери бөлімінің жетекшісі Андрей Аверьяновқа іздеу жариялады. Тергеу органдарының болжамынша, оның 2014 жылы елдің шығысындағы Врбетице қаласында оқ-дәрі қоймасындағы жарылысқа қатысы бар. Ол кезде жарылыстан екі адам қаза болған.
Сәуір айында Чехия полициясы тергеу аяқталғанын мәлімдеген. Тергеу органдары жарылысты Ресей әскери барлау қызметі ұйымдастырған, тапсырысты Солсбери оқиғасы бойынша танылған Анатолий Чепига мен Александр Мишкин орындаған деген қорытындыға келген.
Тергеу аяқталғанына қарамастан іс тоқтатылған, себебі кінәлілерді әрі қарай қудалап, сотқа тарту мүмкін емес. Ақпаратқа қарағанда, Ресей Чехияның күштік құрылымдарымен әріптестік орнатпаған және күдіктілерді бермейді.
Мәскеу жарылысқа қатысы барын мойындамайды. 2021 жылы Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Чепига мен Мишкинге тағылған айыптарды "абсурд" деп атаған.