Accessibility links

Ресей әскерінің Харьковтің солтүстігіне шабуылы: 4 мыңнан астам адам эвакуацияланған


Ресей әскерінің атқылауы салдарынан өзге аймақтарға көшуге мәжбүр болған Волчанск және маңындағы елдімекен тұрғындары. Украина, 10 мамыр 2024 жыл.
Ресей әскерінің атқылауы салдарынан өзге аймақтарға көшуге мәжбүр болған Волчанск және маңындағы елдімекен тұрғындары. Украина, 10 мамыр 2024 жыл.

Кейінгі күндері қызу шайқас жүріп жатқан Украинаның Харьков облысының солтүстігінде 4 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Бұл жөнінде 12 мамырда таңертең Харьков облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов хабарлады.

Облыстың солтүстігінде Волчанск қаласы атқыланып, жексенбі күні бір адам қаза болған. Мұнда әуе соққысынан қираған ғимарат үйіндісі астынан әйел адамның денесі табылған. Екі адам құтқарылған.

Ресей әскері Волчанск пен Харьков облысының өзге де бірқатар аумақтарын атқылауды 10 мамырда үдеткен. Сол күні орыс әскері шабуылдап, бірқатар аумақтың шекарасынан кесіп өте алған.

Бұл аумақта 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей әскері украин әскерінің шабуылына төтеп бере алмай, шегінген еді. Содан бері бұл жақта тек артиллериялық атқылаулар ғана болған. Екі жақ бетпе-бет соғыспаған.

Енді орыс және украин дереккөздеріне қарағанда, бұл жақта Ресей әскері алға жылжыған. Шабуылдың ауқымы мен мақсаты әзірге анық емес.

Украина қарулы күштерінің бас штабы Харьков облысында шайқас жүріп жатқанын растады, алайда жай-жапсарына тоқталмады. Украиналық "Хортица" басқармасының өкілінің хабарлауынша, Ресей әскері екі жақ тұрақты түрде шоғырланбаған аумақта алға жылжуға күш салып жатыр.

Ресейдің қорғаныс министтрлігі Украинаның бірнеше елдімекенін басып алғанын хабарлады. Украиналық "Гострі картузи" бөлімі кейбір аумақтарда шекарадан кетуге мәжбүр болғанын растады. Геолокациясы анықталған, желіде жарияланған видеоларда Ресей әскері бірнеше елдімекенді бақылауына алғаны көрінеді, қазір шайқас сол елдімекендердің оңтүстік жағында жүріп жатыр.

Украиналық Deep State жобасы Ресей әскері Харьков облысының төрт ауылына шоғырланғанын растады.

Американың Соғысты зерттеу институтының (ISW) пікірінше, Ресей әскері қазіргі кезде Харьковты алуды көздеп отырған жоқ, олар украин күштерін басқа бағыттан тартып әкеліп, Харьковтен артиллериямен атқылауға болатындай қашықтықта орналасып, Белгород қаласын қорғайтын "буферлік аймақ" құрғысы келеді.

Ауыр шайқастар Украинаның Донецк облысында да жүріп жатыр. Мұнда Ресей әскері Часов Яр және Авдееваканың батысына шабуылдауға тырысып жатыр.

XS
SM
MD
LG