Accessibility links

Атырау облысының Индербор кентінде су деңгейі көтеріліп, елдімекен жартылай электр энергиясынан ажыратылды


Атырау облысы Индербор елдімекенінде 13 мамырға қараған түні су көтерілді деп хабарлады жедел штаб өкілдері. Елдімекен жартылай электр энергиясынан ажыратылған.

Алдын ала ақпаратқа қарағанда, бөгет астындағы ескі коммуникациялық құбыр жарылып, соның салдарынан су көтерілген.

"Қазіргі кезде шыққане су тұйықталды. Бұл су бұрынғы ескі құбырлардан келіп жатыр деген болжам бар. Қазіргі уақытта оны ашып қараудың мүмкіндігі жоқ. Қазір толықтай тұйықталып, бақылауға алынды. Апат аумағында үш деңгейлі бөгет салу жұмыстары жүріп жатыр. Жағдайды бақылап отырмыз" деді Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов.

Оның сөзінше, Индербордың бір бөлігінде қауіпсіздік мақсатында жарық сөндірілген. Қосымша бөгет салу жұмыстары да жүріп жатыр.

Жедел штаб мәліметінше, Индерборда Жайық деңгейі барған сайын көтеріліп бара жатыр. 13 мамыр сағат 8-гі жағдай бойынша өзен деңгейі 1038 см құраған. Қауіпті меже 845 см саналады.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Индерборда шамамен 15 мың адам тұрады.

XS
SM
MD
LG