Қырғызстан ішкі істер министрлігі шетел азаматтарына елдегі көші-қон ережесін бұзғаны үшін салатын айыппұлдарды көбейтуді ұсынды. ІІМ бұл түзетулерді Қырғызстанның құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізу керек дейді.
Заң жобасына сәйкес, шетел азаматтарының Қырғызстанда жүруге арналған құжаттары болмаса немесе мерзімі өткен сондай құжаттарды пайдаланса, елде жүру мерзімі аяқталғанда Қырғызстаннан шықпаса, тәртіп бұзған мерзіміне байланысты жазаға тартылады.
Ұсынылып отырған айыппұл мөлшері:
- бір айға дейін — 5500 сом (қазіргі бағамен шамамен 63 доллар);
- бір айдан үш айға дейін — 10 мың сом (шамамен 113 доллар);
- үш айдан алты айға дейін — 15 мың сом (шамамен 170 доллар);
- алты айдан бір жылға дейін — 17 500 сом (шамамен 198 доллар);
- бір жылдан асса — 20 мың сом (шамамен 226 доллар).
Бұдан бөлек, шетел азаматы Қырғызстанға кірген кезде айтқан қызметінен басқа жұмыс істесе немесе транзиттік жол жүру ережесін сақтамаса, 10 мың сом айыппұл төлеуге тиіс болады.
Заң жобасының анықтамасында құжат мақсаты — Қырғызстандағы шетел азаматтарына қатысты көші-қон заңсыздықтарын алдын алу деп айтылған. ІІМ қолданыстағы 5500 сом айыппұл заңсыздықпен салыстырғанда азғантай деп мәлімдеді.
Қырғызстан үкіметі 2024 жылға қарай шетелден келетін еңбек мигранттарына квотаны 25 мыңға дейін көбейткен. Алайда іс жүзінде Қырғызстанда жұмыс істейтін мигранттар саны квоталар мен ресми деректен едәуір көп. Еңбек мигранттарына арналған квотадан басқа, мыңдаған адамның студенттік және іскерлік визасы бар.
Елде заңсыз жүрген мигранттармен Қырғызстанның құқық қорғау органдары және арнайы қызмет өкілдері күресіп жатыр. Сәуірде құқық қорғау органдары елде заңсыз жүрген 37 шетел азаматы анықталғанын хабарлады. Бұған дейін Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Бангладеш пен Пәкістаннан келген 130-дан астам мигрант ұсталғанын мәлімдеді. Олардың 64-інің көші-қон құжатының мерзімі өтіп кеткен.
ПІКІРЛЕР