Accessibility links

Путин қорғаныс министрін ауыстырды. Бұл нені білдіреді?


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) сол кезде көмекшісі болып істеген Андрей Белоусовпен сөйлесіп отыр. 28 шілде, 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) сол кезде көмекшісі болып істеген Андрей Белоусовпен сөйлесіп отыр. 28 шілде, 2016 жыл.

Владимир Путин Ресей президенті қызметіндегі бесінші мерзімін үкіметте көптен болмаған ауыс-түйістен бастады. Сарапшылар пікірінше, бұл Украинаға қарсы ұзаққа созылған әрі аса қымбатқа түскен басқыншылық соғысты одан ары жалғастыру қажеттігінен туындады, оған қоса Батыс елдерімен арадағы шиеленістің күшеюінің салдары.

12 мамырда Путин қорғаныс министрі Сергей Шойгуды қызметтен алды. Ол көп жылдан бері Путиннің ең жақын әрі сенімді адамы болып келді. Көбі Путин билігін Шойгуге сеніп қалдыруы мүмкін деп топшылаған.

Қорғаныс министрі қызметіне премьер-министрдің бірінші орынбасары, 65 жастағы экономист Андрей Белоусов тағайындалды. Ол бұрын экономикалық даму министрі болған.

Ресейдің жаңа шабуылы, Шойгудың кетуі
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00

Ресейдің экономикалық блогын басқарған адамды қорғаныс министрі етіп тағайындау арқылы Путин Украинаға қарсы соғыста жеңіске жету – үкіметтің ең маңызды міндеттерінің бірі екенін көрсетіп отыр. Бұған қоса Батыс елдерімен тіресуін күшейте беретін сыңайлы.

Путин бұл ниетін 2022 жылы ақпанда Украинаға қарсы соғыс ашқалы бері бірнеше рет білдірген.

Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының сарапшысы Александр Баунов Telegram-да "Қорғаныс министрлігіне Кремльдің бас экономисін басшы етіп тағайындау Путиннің соғыста қорғаныс өнеркәсібі кешені мен халықаралық нарық есебінен жеңіске жеткісі келетінін көрсетеді. Бұл – логикалық тұрғыдан дұрыс шешім, өйткені соғыс барысында қауіпсіздік саласына қарағанда, экономика әлдеқайда тиімді жұмыс істеді" деп жазды.

"Жеңіс стратегиясы мобилизация немесе әскери жетістіктерге емес, Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі кешені мен экономикасы арқылы Украинаға біртіндеп қысым көрсетуге негізделген. Ел экономикасы енді бұрынғыдан да тиімді жұмыс істеуі керек", – дейді Баунов.

Сібірде демалып жүрген Владимир Путин мен Сергей Шойгу (сол жақта) ағаш бұйымдарын жасайтын шеберханада тұр. Ресей, 21 наурыз, 2021 жыл.
Сібірде демалып жүрген Владимир Путин мен Сергей Шойгу (сол жақта) ағаш бұйымдарын жасайтын шеберханада тұр. Ресей, 21 наурыз, 2021 жыл.

"Новая газета. Европа" басылымының бас редакторы Кирилл Мартынов Путин экономиканы әскери жолға қойып, қазіргіден де көбірек күш салуға ниеттеніп отыр дейді.

"Белоусовты тағайындаудағы негізгі идея – экономиканы Путиннің мақсаттарына қызмет еткізу", – деді Мартынов "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында.

"100 ПАЙЫЗ ПУТИННІҢ АДАМЫ"

Ұлтшыл-империалистік көзқарастағы орыс идеологы Александр Дугин Telegram парақшасында Путиннің шешімін "жеңіс үкіметіне қарай батыл қадам" деп мақтады. Ресейдегі Украинаға қарсы соғысты қолдайтын ұлтшылдардың көбі майдандағы жағдайға Шойгуды кінәлаған.

Андрей Белоусов
Андрей Белоусов

Андрей Белоусов – көп жылдан бері Ресейдегі негізгі экономикалық менеджерлердің бірі. Ол 2013-2020 жылдары Путиннің бас экономикалық кеңесшісі болып істеді. 2000-жылдары либералды ұстанымдағы қаржы министрі Алексей Кудриннің жекешелендіру жайлы көп бастамасына қарсы шығып, мұнай мен газдан түскен табыстың көп бөлігін мемлекет қазынасына жіберуді қолдаған кісілердің бірі болды.

2018 жылы Ресей үкіметіндегі дерек көзі The Bell басылымына Белоусов 2014 жылы Украинадан Қырымды тартып алу идеясын қолдаған жалғыз экономист болды деген. Ол Белоусовты Ресейді "кілең жау қаумалаған" деп ойлайтын, "мемлекетшіл" идеологияға берілген адам деп сипаттайды.

Ол кейінгі жылдары "Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер" ұлттық жобасына жетекшілік еткен. Бұл жоба Ресейдегі әскери дрондар өндірісін кеңейтуге септесті.

12 мамырда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Белоусовтың қорғаныс министрі болып тағайындалуын былай түсіндірді:

"Министрдің басты міндеті – қауіпсіздік саласындағы экономиканы ел экономикасына интеграциялау".

Песковтың сөзінше, Ресейдің әскери бюджеті 1980-жылдардағы Совет одағының бюджеті шамалас болып қалған. Ол кезде жалпы ішкі өнімнің 7,4 пайызы қорғаныс саласына жұмсалатын.

Ресей орталық банкінің бұрынғы сарапшысы, қазір ресейлік-еуразиялық Карнеги орталығында ғылыми қызметкер болып істейтін Александра Прокопенко X (бұрынғы Twitter) желісіне "Белоусов – әскери өнеркәсіп кешені мәселесін жақсы біледі, православ христиан, 100 пайыз Путиннің адамы" деп жазды.

"Путин бұл соғыс жақын арада бітпейтінін түсінген сияқты, – дейді саясат және қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Марк Галеотти. – Соғыстың ұзаққа созылатынын Путиннің сөзінен де, үкімет аппаратынан да көріп отырмыз. Ресей толық жеңіске жеткенше соғысады. Белоусовты осындай мақсатпен тағайындады".

Белоусовтың міндеті – экономиканы әскери жолға қойып, Ресейді барлық саланы әскери экономика басқаратын елге айналдыру", – дейді саясаттанушы Иван Преображенский.

ЕНДІ КЕЗЕК ГЕРАСИМОВКЕ КЕЛЕ МЕ?

Белоусов қорғаныс министрі болады деп ешкім күткен жоқ. Сарапшылар Ресей әскері Украинаны бірнеше апта ішінде басып ала алмай, сәтсіздікке ұшырағалы 66 жастағы Шойгудың позициясы әлсірей бастағанын айтады.

Украинаға басқыншылық жасап жатқан әскердің штабына келген Владимир Путин (ортада) қорғаныс министрі Сергей Шойгумен (сол жақта) және Бас штаб бастығы Валерий Герасимовпен сөйлесіп отыр. Дондағы Ростов, Ресей, 10 қараша, 2023 жыл.
Украинаға басқыншылық жасап жатқан әскердің штабына келген Владимир Путин (ортада) қорғаныс министрі Сергей Шойгумен (сол жақта) және Бас штаб бастығы Валерий Герасимовпен сөйлесіп отыр. Дондағы Ростов, Ресей, 10 қараша, 2023 жыл.

2023 жылы маусымда Евгений Пригожиннің "Вагнер" жалдамалы әскері Мәскеуге қарсы бүлік бастап, майдандағы сәтсіздіктерге қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб бастығы, 68 жастағы генерал Валерий Герасимовті кінәлады. Өткен айда депутат Тимур Ивановтың жемқорлық айыбымен ұсталуы да Шойгуге үлкен соққы болды.

Путин Шойгуды Николай Патрушевтің орнына қауіпсіздік кеңесінің басшысы етіп тағайындады. Патрушевтің жаңа қызметі белгісіз.

Галеоттидің айтуынша, Ресей әскері Шойгуды қолдамайды.

"Бірақ екінші жағынан, Шойгу – Путиннің досы, ал ол өз адамдарына адал", – дейді сарапшы.

Шойгудың жаңа қызметке тағайындалып, қорғаныс министрлігі басшылығына экономистің келуі кәсіби әскербасыларға бақылау күшейетінін білдіреді. Галеоттидің болжамы рас болса, көп ұзамай Герасимов та орнынан кетуі мүмкін.

– Герасимов жақсы нәтиже көрсете алмаған тиімсіз басшы болды. Өз адамдары оны Шойгудан артық жек көреді. Бас штабқа жаңа басшы тағайындалса таңғалмаймын, – дейді ол.

Украинаға қарсы соғысты қолдайтын блогерлердің көбі қорғаныс министрлігіндегі жемқорлыққа қарсы күрес пен Украинадағы соғыста әскери тиімділікті арттырамыз деген жаңалықты қуана қабылдады.

"[Бұрынғы президент Борис] Ельцин дәуірінен қалған соңғы резервті жойып, Батыс Еуропаға қарсы үлкен соғыс алдында орталық әскери жоспар құруға мүмкіндік туды", – деп жазды блогер Дмитрий Конаныхин.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG