Accessibility links

Ресей Жоғарғы соты Владимир Кара-Мурзаға шыққан үкімге шағымды кері қайтарды


Владимир Кара-Мурза.
Владимир Кара-Мурза.

Ресей Жоғарғы соты оппозиционер Владимир Кара-Мурзаға (кіші) шыққан үкімге берілген шағымды кері қайтарды. Былтыр Мәскеу соты оны "мемлекетке опасыздық жасады", "жағымсыз ұйымдар ісіне араласты" және "Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратты" деген айыппен 25 жылға түрмеге қамаған. Кара-Мурза тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Оппозиционердің жақтастары оның саяси себеппен қудаланып жатқанын айтты. Үкімге сай, ол "Ресей армиясын Украинада тыйым салынған құралдар мен соғыс әдістерін қолданды деп негізсіз айыптаған" және "Ресейде тыйым салынған Free Russia Foundation коммерциялық емес ұйымының қаражатына саяси тұтқындарды қолдау шарасын ұйымдастырған". Адвокаттардың айтуынша, мемлекетке опасыздық жасады деген айыпқа оппозиционердің шетелде көпшілік алдында Ресей билігін сынағаны себеп болған.

Владимир Кара-Мурза – ПАРНАС партиясы төрағасының бұрынғы орынбасары, "Еркін Ресей" қорының бұрынғы вице-президенті. Ол журналист әрі саяси комментатор ретінде танымал. 2024 жылы ол публицистикасы үшін Американың журналистика саласындағы ең беделді жүлдесі – Пулитцер сыйлығын алды.

Батыс елдері Мәскеуден Кара-Мурзаға тағылған айыптарды алып тастауды және оған шыққан үкімнің күшін жоюды талап етіп келеді. АҚШ конгресі мүшелері Ақ үйді оппозиционерге "заңсыз ұсталды" деген мәртебе беруге шақырды.

Кара-Мурза Ұлыбритания азаматтығына ие және АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсаты бар. Оның әйелі, тағы бір тұтқындағы ресейлік оппозиционер Илья Яшин мен жақтастары Батыс елдерін Кара-Мурзаны шетелге айырбастауға тырысуға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG