Accessibility links

Алматыда қызыл жалауға қарсылық білдірген белсенді қамаудан шықты


Белсенді Жанболат Шәйзаданы қамаудан күтіп алуға жиналған адамдар. Алматы, 14 мамыр, 2024 жыл.
Белсенді Жанболат Шәйзаданы қамаудан күтіп алуға жиналған адамдар. Алматы, 14 мамыр, 2024 жыл.

Алматыда 9 мамырда Совет одағының туын көтеріп жүрген адамдармен шекісіп қалып, әкімшілік жауапқа тартылған белсенді Жанболат Шәйзада қамаудан босап шықты. 14 мамыр кешке қалалық полиция департаменті алдына белсендіні күтіп алуға 50-ге жуық адам жиналды.

Олардың кейбірі қолына Қазақстан туын ұстап келді. Азаттық сөйлескен адамдар Шәйзаданың қамалғанын "әділетсіз" деп бағалады. Олар "Совет одағының туын көтеріп жүру ел тәуелсіздігіне қауіпті" дейді.

Шәйзаданы уақытша ұстау изоляторынан мерзімінен үш сағатқа ерте шығарып жіберген. Ол полиция департаментінің алдына келіп, өзін алдымен Алатау ауданы полиция бөлімшесіне апарғанын айтып берді.

Азаттық сөйлескен белсенді өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін, "бірақ ашуға бой алдырып, тәртіп бұзғанын мойындайтынын" айтты.

Алматы қалалық әкімшілік соты Жанболат Шәйзаданы "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айыпты деп таныған. Сот шешімінде оның "қоғамдық орында жүріп, келе жатқан көліктерді өз бетінше тоқтатып, жанжал шығарып, дөрекілік көрсетіп, балағат сөз айтқаны, көліктен тулардың көшірмелерін жұлып алып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны" жазылған.

9 мамырда әлеуметтік желіде ер адамның Алматы көшесінде көлікке ілінген Совет одағының туын алып, көліктегі адамдармен сөзге келіп қалған сәті көрсетілген видео тараған. Жанболат Шәйзада СССР туын желбіретіп жүруді "арандату" әрекеті деп қабылдайтынын айтты.

Совет империясы тұсында миллиондаған халқы ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қырылған Қазақстанда СССР символикаларын құрмет тұтатындар да, оларды отарлаушылық, құлдық санамен байланыстыратындар да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG