Accessibility links

Тоқаев Ноғаевты Маңғыстау облысы әкімі қызметінен босатты


Нұрлан Ноғаев
Нұрлан Ноғаев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Ноғаевты Маңғыстау облысының әкімі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Ноғаев қандай жұмысқа ауысқаны, оның міндетін атқару кімге жүктелгені туралы ақпарат жоқ. Маңғыстау облысының жаңа әкімі болып кім тағайындалатыны да әзірше белгісіз.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысын 2021 жылдың қыркүйегінен басқарды. 2022 жылдың желтоқсанында Тоқаев оны осы қызметке қайта тағайындаған.

Оның алдында, 2012 жылдан 2016 жылға дейін Ноғаев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып істеді. Содан кейін 2016 жылдан 2019 жылға дейін Атырау облысының әкімі болды. 2019 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін энергетика министрі қызметін атқарды.

Сондай-ақ, бүгін Тоқаев президент көмекшісі болып келген Әсет Ерғалиевті қызметінен босатып, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы тұрақты өкілі етіп тағайындады. Бұған дейін осы қызметте және Халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы тұрақты өкіл болған Жанар Сейдакметқызы орнынан босатылды.

Президент Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаровты қызметтен босатып, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі етіп тағайындады. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып Ақан Рахметуллин тағайындалды.

Тимур Тілегенов Қазақстанның Халықаралық азаматтық авиация ұйымы жанындағы тұрақты өкілі болып тағайындалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG