Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауылында тұратын белсенді Меңзада Қабиева 16 мамырда Азаттыққа өзін полицияға шақырғанын хабарлады. Полицейлер шақыру қағазын оның жұмысына апарған, келмейтін болса, күштеп әкететінін ескерткен.
Меңзада Қабиева полициядан екі шақыру қағазын алған: әуелі – 17 мамырға, кейін 21 мамырға шақырылған. Белсенді полиция қызметкерлерінің жұмысына келген сәтін видеоға түсіріп, оны Facebook-тегі парақшасында жариялады. Видеодағы полицейлердің сөзіне қарағанда, Қабиеваны шақыруға шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен байланысты желідегі жазбалар түрткі болған.
Белсенді полицейлерден қандай іс бойынша және нақты не үшін шақырып жатқанын білуге тырысқанын, бірақ олар оны түсіндірмей, полицияға келуді сұрағанын айтты.
— [Полиция] шығарып әкелген қағаздарын көрсетіп, "Әблязовтың екі-үш жазбасын бөлістіңіз" деді. Мен оларды таратпағанымды айттым. Парақшамда ондай жазбалар жоқ. Мен соны айтып, жұмысқа келген полицейлерге көрсеттім. Олар "полицияға келіп, түсініктеме жазып кетіңіз" деді. Егер мен оны жарияламаған болсам, неге барып жазуым керек? Заң бұзған жоқпын. Олар Әблязовты "террорист" деп атап, жазбаларын таратуға болмайтынын, елде оған тыйым салынғанын айтты. Мен мұны қудалау беп бағалаймын, өйткені мен белсендімін, саяси тұтқындарға, Маралдыдағы жағдайға қатысты желіде өз ойымды айтамын, — деді белсенді Меңзада Қабиева Азаттыққа.
Қабиева полиция өзін азаматтық белсенді ұстанымы, саяси тұтқындар мен "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ белсенділерін қолдағаны үшін қудалап жатыр деп санайды. Бастамашыл топ партия ретінде тіркелуге жиырмадан астам рет министрлікке құжат өткізгенімен, ол жақтан үнемі "құжат дұрыс толтырылмаған" деп қайтарып тастайды. Белсендінің айтуынша, полиция бұған дейін де Әблязов туралы сұрақтар қойып, өзін мазалаған.
- Қазақстанда азаматтарды әлеуметтік желілердегі жазбалары мен "лайктары" үшін полицияға шақырып, ұстап жатады. Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының 2023 жылды қамтыған есебінде Қазақстанды "еркін емес ел" қатарына қосқан.
- Ресми Астана "елде саяси тұтқын да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ" дейді. Қазақстан билігі "кең ауқымды демократиялық реформалар" жүргізіп, "адам құқын халықаралық міндеттерге сай толыққанды қорғайтынын" алға тартады.
ПІКІРЛЕР