"Әриайдай арбаның дөңгелегі,
Артта қалды елімнің бір бөлегі.
Қалмаса да елімнің бір бөлегі,
Қорқытады орыстың зеңбірегі...
"Елім-айдан" кейінгі еңіреген күй осы. Шетте жүрген қазақтармен сөйлесе қалсаң, бұдан мың түрлісін, жүректі жылататынын естисің..."
Бұл – қазақ диаспорасын зерттеуші Уақап Қыдырханұлының айтқаны. Ол 1992 жылы мамыр айында Азаттық радиосының тілшісі Саясат Бейісбайға сұхбат берген. Өзі де кезінде 20 жылдан аса Қытайда тұруға мәжбүр болған Уақап Қыдырханұлы шетел қазақтары мәселесін, оның ішінде Қытайдағы қандастар тағдырын, олардың қандай мехнат-бейнет шеккенін бір адамдай біледі.
"Дәл қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарайтын болсақ, Түркияға тарап кеткен ағайындарымыз түрлі қиыншылықтардан, оттан-судан өтіп жүріп қалыптастырған тұрмыстары бізден әлдеқайда жақсы деуге болады. Сол үшін біз алдымен қазақ эмиграциясының табиғатын түсініп алуымыз керек", – дейді ол сұхбатында.
ҚАЗАҚ ЭМИГРАЦИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Қазақ эмиграциясының табиғаты деген не? Басқа эмиграциялардан несімен ерекшеленеді?
"Қазақ эмиграциясының табиғаты басқа эмиграцияларға сай келмейді. Жалпы эмиграция сөзінің үш түрлі энциклопедиялық ұғымы бар. Олар: саяси эмиграция, төңкеріс кезіндегі эмиграция және жұмысшы эмиграциясы бар. Ал біздің эмиграцияның табиғаты бұлардан ерекше. Рас, бізде де саяси эмиграция болған. Бірақ негізінен алғанда біздің эмигранттарды тарихи ахуалдарға байланысты негізгі аумақтан географиялық тұрғыдан бөлініп қалған елден болсын, өзімізден болсын, саяси науқандар мен саяси соққы, қуғын-сүргін, Ашаршылық кезінде сыртқа шығып кеткендер құрайды. Ал олар көшіп кеткен Шыңжаңдағы, Моңғолиядағы және Омбыдағы, Ордағы, Саратовтағы туыстар өз атамекендерінде отыр", – дейді Уақап Қыдырханұлы.
Ол совет кезінде сыртта ғұмыр кешетін қазақ жоқ деген түсінік болғанын айтады.
"Сыртта қазақ бар болса қудалауға ұшырады. Шындығында олар қайбір жақсылықтан кетіп еді? Ең алғашқы қазақтың бөлінуі 1860 жылдары орыс-қытай шекарасы бекітілген кезде орын алды. Бұл шекара 1884 жылы бекітіліп біткен соң қазақ 2-3 топқа бөлініп кетті. Көп қазақ Қытай жағында қалды. Одан қалғандары Моңғолияға тарап кетті. Одан сұмдығы Қазан төңкерісінен кейін орын алды. Бұл қазақтың қасіреті қалыңдап кеткен кезі еді", – дейді қаламгер.
"АЛТАЙДА 75 БАСТАУЫШ МЕКТЕП БАР ЕДІ..."
Қытай мен Ресей империясы арасындағы 19-ғасырдағы шекара келісімі кезінде бірнешеге жарылған қазақтар 20-ғасырда тағы да сондай нәубет шекті. Өткен ғасырда коммунистер өз жерінде отырған тұрғындарға қырғидай тиді, көшуге мәжбүрледі. Шығыс Түркістаннан Такла-Макан, Гоби шөлдерін басып өтіп, Тибет жонынан Бұланай асқан қазақ көші туралы 11 мамыр күнгі эпизодта айтқанбыз.
Бүгін сол азапты жолдарды жүріп өткен, кейін Үндістанға жеткенде жергілікті үкіметте қызмет атқарған Дәлелхан Жаналтайдың естеліктеріне назар аудармақпыз. Ол 1949 жылы Үрімжідегі коммунизмге қарсы қоғамның қаулысы бойынша Оспан батырға қосылып, қытай генералы Пэн Дэ Хуайдың шабуылына қарсы шайқасқа қатысқан. Сондай шайқастың бірінде қолына оқ тиіп, жараланады да.
1960 жылы Үндістан үкіметіндегі қызметі кезінде Дәлелхан Жаналтай Тайваньға барып, коммунизмге қарсы ұйымның мүшесі болады. Кейін Түркияға барғанда, 1972 жылы Ыстамбұлда Қазақ кентін құруға ұйытқы болады.
Азаттық радиосы 1992 жылғы 7-8 қарашадағы хабарында ол туралы былай деп таныстырған:
"Қажы Дәлелхан Жанымханұлы Жаналтай есімі тек әлем қазақтарына ғана емес, басқа да ұлттарға таныс. Шығыс Түркістандағы қазақтарға басшылық еткен Дәлелхан қажы ұзақ жылдар бойы Түркияда өмір сүріп жатқан қазақтардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына көп еңбек еткен еді. Қыркүйек айының соңы мен қазан айының басында Алматыда болған Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында құрылған Әлем қазақтарының қауымдастығының басқару алқасының мүшелігіне сайланған Дәлелхан қажы ендігіде әлем қазақтарының игілігіне күш жұмсамақ. Шетел қазақтарының алдыңғы қатарлы жетекшісі Дәлелхан қажы қазіргі уақытта Түркияның Ыстамбұл қаласындағы өзі құрылуына себепші болған Қазақкент ауданында өмір сүруде".
Азаттықтың Мюнхендегі сол кездегі тілшісі Өмірхан Алтынға берген сұхбатында Дәлелхан Жаналтай өмірбаяны туралы былай дейді:
"Әкем Жанымхан Алтайда өскен. Сол жақтағы қазақтардың жағдайын жақсарту үшін, әсіресе мәдениетін жоғары көтеру үшін көп еңбек сіңірген және балаларды оқытқан. Өз ауылының жанында мектеп ашқан. Кейінгі кезде Алтайдың губернаторы, уәлиі болды. Кейін Шыңжаңдағы қазына министрі болды. Сол кісінің әулетінен шыққан мен 1922 жылы Алтайда тудым. Қоғамдық қызметтерде Алтай аймақтық қазақ ұйымының бастығы болдым. Ол кезде Алтайда 75 бастауыш мектеп бар еді қол астымда. Барлық расходын халық берген бұл мектептердің үкіметпен еш байланысы жоқ еді. Тікелей қазақ ұйымының арқасында құрылған. Одан кейін Алтайда денсаулық мекемесінің бастығы болдым. Онымен бірге Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің кадрлар бөлімінің бастығы болдым. Яғни, Оспан батыр Алтайда губернатор болған кезде мен кадр бөлімінің бастығы болдым. Үрімжіге келгеннен кейін қызмет орным жоғарылады. Әскери жағынан да полковник атағын берді. Батыс терістік әскери және саяси мекемесінің штабында істедім. 1948 жылы Нанкинде болған Бүкілқытайлық құрылтайына халық уәкілі ретінде қатыстым. Яғни өмір тарихым бойынша қазақ халқына, олардың топтанып тіршілік қылуы үшін қызмет қылдым. Жақында болған Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысып, көп таныстықтар орнаттым. Оған да қуанышты болып отырмын", – дейді Дәлелхан Жаналтай.
"КОММУНИСТЕРГЕ БАС ИМЕДІК"
Дәлелхан Жаналтай Қытайда жүргенде коммунистерге қарулы қарсылық танытқан. Сұхбатта "құралды күрес" деп қарулы күресті меңзеп отыр.
"Біз 1951 жылдың қазан айында Үндістанның Ладакх шекарасынан өттік. Алтайдан 1948 жылы шыққанбыз. 1949 жылы – Үрімжіден, 1950 жылы Шыңжаңнан кеттік. Халық коммунистерге қарсы болды. Біз оларға қарсы құралды күрес жасадық. Келісімге келмедік. Қарсыластық, бас имедік", – дейді Дәлелхан Жаналтай Шығыс Түркістаннан кету себебін түсіндіріп.
30 мың әскермен Қытай коммунистері әскеріне қарсыласа отырып, Тибет, Гималай асып, Үндістаннан Түркияға жеткен мухажерат, яғни эмиграция жолын Дәлелхан Жаналтай былай сипаттайды:
"Көпке мәлім қазақтың қаһарманы Оспан батыр, Құмылдың уәлиі губернатор, генерал Йолбарыстың басшылығымен Баркөлде 30 мың әскер болып топтасып күрестік. Бірақ Қытайдың күшіне қарсы тұра алмадық. 1950 жылдың соңында Тибетке қарай шығып кеттік. Тибеттің жонында соғысып отырып, 1951 жылдың 18 қазан күнінде Ладакх шекарасына, яғни Үндістанның Кашмир облысына келдік. Ол жерде біраз уақыт болдық. Мен өзім сонда 16 жыл болдым. Қалған ел 1952 жылдан бастап Түркияға көшіп кетті".
Шетел қазақтарының жетекшісі болған Дәлелхан Жаналтай әңгіме барысында Түркиядағы ахуалды да сипаттаған. Мұның бәрі – сайып келгенде Дәлелхан Жаналтайдың өмірі мен қызметінің бір бөлігі.
"Мен 16 жыл Үндістан үкіметінде қызмет істедім. Түркияға келген соң қазақ халқының жағдайын жақсартумен, ұйымдасумен айналыстым. Жақсы адамдармен таныса келе Түркияда, Ыстамбұлда Қазақ кентін құрдық. Қазақтың оқу істерін ілгерілету үшін Тайваньға 30 бала жібердік. Көбі жақсы оқып қайтты. Сауд Арабиясына да студент жібердік. Бірақ олар ыстыққа шыдамай, бір жылдан кейін қайтып келді. Бұл жақтағы қазақтардың арасында оқыған азаматтар жоқ емес, бар. Университет бітірген, Түркия үкіметінде қызмет істеп жатқан адамдар бар. Бірақ жеткілікті деп айта алмаймын. Жалпы тұрмыс жайында айтсақ, халықтың жағдайы жақсы. Халық арасында зекет беруге болатын отбасы жоқ. Яғни жағдайдың жақсылығынан көбіне зекет қажет жоқ. Дегенмен баспана жеткіліксіз. Кредитке отырады. Қазақ кентінде 800 үй бар. Соның бәрінің мәселесі шешіліп қалды деуге келмейді", – дейді Дәлелхан Жаналтай өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы ахуал жөнінде.
ҚҰПИЯ ҚАТАЛДЫҚ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ЖАЗУШЫ
Дәлелхан Жаналтайлар Алтайдан кеткен кезде Қытайдағы жағдай аумалы-төкпелі еді. Ол Азаттыққа сұхбат берген 1992 жылдары да адам құқығы саласында Қытайды халықаралық ұйымдар жиі сынайтын. Әсіресе, ел түрмелеріндегі қинау мен азаптауды айтып тауысу қиын. Халықаралық рахымшылық, яғни, Amnesty International ұйымы да бұл туралы арнайы хабарлама жариялап, дабыл қаққан. Азаттық тілшісі Әбдіқайым Бірғазыұлы 1992 жылғы 10-11 желтоқсан күнгі хабарында осыған шолу жасайды.
"Халықаралық адам құқықтары жайындағы ұйым хабарламасында Қытай түрмелерінде тұтқындарды қинап, жәбірлеудің қарапайым құбылысқа айналуын тілге тиек етті. Халықаралық амнистия ұйымының 60 беттік сол бір хабарламасында Қытай тұтқындардың құқықтарын таптаудың соңғы сатысына жеткенін айтады. Хабарламада бала, әйелдерге шейін ұрылып, соғылып жатқаны жайында ондаған мысалдар келтірілді", – дейді Азаттық.
Шығыс Түркістан, Шыңжаңда негізгі адам құқығының өзі сақталмаған. Бұл да Amnesty International ұйымының назарынан тыс қалмаған.
"Мәлім болғандай, Лондондағы Халықаралық амнистия ұйымы жақында ғана Қытай халық жұмхуриеті құрамындағы Шығыс Түркістан өлкесінде адам құқықтарының өрескел түрде тапталып, бұзылғаны жайында тағы бір хабарлама жариялаған еді. Сол хабарламасында аталмыш ұйым осы өлкедегі қазақ, ұйғыр сияқты ұлттардың ешқандай сотсыз абақтыға айдалып жатқанын айтқан", – дейді Азаттық эфирінен Әбдіқайым Бірғазыұлы.
Сол есепте Қытай түрмесінде қамауда жатқан қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлын босату талабы да қойылған. Сорақысы сол – жазушының қай түрмеге қамалғаны белгісіз.
"Құпия қаталдық: Шыңжаңда адам құқықтарының бұзылуы" атты әлгі хабарламасында қазақтың аға буын жазушыларының ішінен Қажығұмар Шабданұлының ұждан тұтқындары қатарында болуы әбден ықтимал екенін айтады. "Қылмыс" атты романның авторы Қажығұмар Шабданұлының қайда қамалғаны белгісіз. Халықаралық амнистия ұйымы абақтыдан көз ашпаған Қажығұмар Шабданұлының халықаралық нормалар бойынша сотталуын немесе оны босатуды талап етуде", – деген Азаттық радиосы 1992 жылғы Адам құқығы күнгі, яғни 10 желтоқсандағы хабарында.
"ТҮРМЕДЕ ОТЫРУДАН РЕКОРД ОРНАТҚАН ЖАЗУШЫ"
2011 жылғы 15 ақпанда Қытайда үйқамақта отырған қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлының бақилық болғаны жөнінде хабар жетті.
Сол күні Азаттық радиосының Прагадағы тілшісі Сағат Батырхан Алматыдағы жазушы Қабдеш Жұмаділовтен сұхбат алған.
Қабдеш Жұмаділов Қажығұмар Шабданұлын түрмеде отырудан рекорд жасаған адам деп атайды. Айтуынша, Қажығұмар Шабданұлы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да екі рет хат жазған екен.
"Қажекең 86 жаста еді. Сонау 1925 жылы Семей облысының Үржар ауданында туған. 1932 жылы жеті жасында ашаршылық кезінде отбасымен Қытайға ауған еді. Содан арғы өмірі Қытайда өтті. Ол жақта оқыды, үлкен зиялы атанды, мұғалім болды. 1958 жылдан бастап үкіметтің зиялыларға құрған қақпанына түсті. Содан соң "ұлтшыл", "оңшыл" деген айып тағылып, Такла-Макандағы Тарым лагеріне жер аударылған еді. 1958-1978 жылдар аралығында 20 жыл өмірі сол жақта өтті. 1978 жылы босап, елге қайтқан. Кейін 1986 жылы 15 жылға қайтадан сотталды. Арасында аракідік отырғаны бар, бәрін қосқанда оның 40 жылдан аса өмірі түрмеде өтті. Ешбір елде жазушылар осыншама ұзақ жыл бойы қапаста отырмаған шығар. Бұл кісі жай отырмай, шығармалар жазып отырды. "Қылмыс" деген алты томдық романы алдыңғы жылы Алматыда жарық көрді. Соның алғашқы екі томын ғана бостандықта жазыпты да, қалған төрт томын түрмеде жазған екен. Оны неше түрлі жолмен сыртқа шығарыпты. Келген-кеткенге қыстырып жіберіп, нанның арасына салып дегендей жолдары көп. 2001 жылы ол соңғы рет түрмеден шықты. Сол кезде "Қылмысты" бер жаққа өткізу керегін айтқан едім ол кісіге. "Қылмыстың" бір данасы бізде болсын құрып кетпей тұрғанда, мүмкіндік болып жатса, кітап қылып шығарамыз дедім. Сөйтіп алты томдық төтеше жазылған қолжазба әртүрлі жолмен жетті менің қолыма. Оралмандардың, жолаушылардың шабадандарымен, әртүрлі жасырын жолмен жетті. Бір томдары кеденде ұсталып қалып, қайтадан көшірмесін жіберуге тура келді. Осындай жолдармен жиналып, кітап 2009 жылы Алматыда жарық көрді", – дейді Қабдеш Жұмаділов.
Ол Қажығұмар Шабданов соңғы рет түрмеден шығып, үйде мырзақамақта отырған кезінде Қазақстанның сол кездегі басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазғанын да айтып берген.
"Президенттің атына екі рет өтініш жазды. Осы қиыншылықтарын айта келе, өзінің арқасүйері атамекеніне оралып, сол жерден топырақ бұйырса деген арманын айтады. 10-12 томдық мұрам бар, осыны ұлттың қажетіне жаратсам деген арманым бар деп екі рет хат жазды. Оны біз компьютерге бастырып, президент аппаратына жіберген болатынбыз. "Қазақ әдебиеті" газетіне де шыққан. Дегенмен бір жазушымызды құтқаруға қауқарымыз жетпеді... Өкінішті жағдай болды. Бір ғана үміт, күйеу балалары ертең сол жаққа барып, сүйегін сұрамақ. Оны да бере ме, бермей ме, белгісіз", – дейді Қабдеш Жұмаділов Қажығұмар қайтыс болған кезде Азаттық хабарында айтқан сөзінде.
"ҚЫЛМЫСТЫ" ӨТКІЗУ ДЕ ҚЫЛМЫС"
2012 жылы ақпанда Алматыда Қажығұмар Шабданұлының жылдық асы беріліп, дастархан жайылады. Сол кезде Азаттық тілшісі Меруерт Сәрсебай хабар әзірлеген:
"1944 жылы Үрімжіде оқып жүрген кезінде ұлттық азшылықтардың көтерілісіне қатысы бар деген күдікпен абақтыға түскен. 1952 жылы қызмет бабымен Үрімжіге көшіп келіп, алдымен "Одақ" журналының, сосын "Шұғыла" журналының бас редакторы қызметін атқарды. Қазақтану қорының төрағасы Ибрагим Қошқари жазушымен 1976 жылы танысқан екен.
"Мен Қажығұмар Шабданұлымен 1976 жылы таныстым. Сол жылы ол кісі түрмеден шала босап келген еді... Осы жақта біраз араласып тұрдық. Кейін ол кісі Шәуешекке кетті. Ол кезде де хат алмасып тұрдық. Бірақ қайтадан ұсталып кетті. Қытайда бірінші тор, екінші тор, үшінші тор дейтін жазалаудың өте қатаң шаралары болған еді. Ол кісіні бірінші торында ұстап әкетіпті. Бірақ сотталғанда екі жыл еңбекпен тәрбиелеуге сотталған. Қытайда еңбекпен өзгерту мен еңбекпен тәрбиелеудің айырмашылығы бар. Біріншісі ауыр болса, еңбекпен тәрбиелеу жеңіл болады. Екі жылын өтегеннен кейін ол кісі азат жүргенге есептеледі. Қажығұмар Шабданұлы 1958 жылы "оңшыл-солшыл" деген айыппен бас бостандығынан айырылған, 22 жылын Такла-Макан шөліндегі Тарым лагерінде өткізген. Жазасын өтеп шығады.
1986 жылдың 30 желтоқсанында Қажығұмар Шабданұлы қайтадан тұтқындалып, ұлттық дербестікті көздейтін "Үміт" партиясын құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады, шетел жансызы деп айыпталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза мерзімін Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өткізген. Қазақстанда 2009 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының "Атажұрт" баспасынан Қажығұмар Шабданұлының "Қылмыс" романы 2000 данамен жарық көрген", – дейді ол. Ибрагим Қошқари романның Қазақстанға әкелініп, жарық көруіне еңбек етіпті. "Бұл романды Қазақстанға әкелудегі мақсатым романды сақтап қалу еді. Алты томдық еңбек оңай жазылмайды ғой. Қажығұмардың еңбегін өткізу Қытайда қылмыс болып саналады. Сондықтан бөліп-бөліп өткіздік", – дейді Ибрагим Қошқари".
"ҚАЖЫҒҰМАР – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ АЗАМАТЫ"
2010 жылы Қажығұмар Шабданұлын "Қылмыс" романы үшін Қазақстанда мемлекеттік сыйлыққа ұсыну талпынысы да болған.
Ақын Алмас Ахметбекұлының пікірі:
"Қажекеңе мемлекеттік сыйлық қажет болды ма, болмады ма, оны білмейміз. Бірақ "Қылмыс" романы ұлтқа керек қой деп, сыйлық берілсе екен деген ниетте болғанбыз. Бірақ тәп-тәуір жазушылар "Қазақстан мәселесі көтерілмепті" деген қисынға келмейтін сөздер айтқан көрінеді және Қажығұмарды Қазақстан азаматы емес деп қараған. Азаматтық – жай ғана құжат. Ал Қажығұмар – қазақтың ұлы азаматы. Мемлекет оған сыйлық бермесе де, халық оған өз сыйлығын береді деген ойдамыз".
2004 жылы Қажығұмар Шабданұлының Қазақстанда баспадан жарық көрген "Пана" романының алғысөзінде жазушы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбай былай деп жазған:
"Біз Қажығұмар Шабданұлының заң алдындағы жауапкершілігіне байланысты мәселеге мүлдем араласпаймыз. Араласуға хақымыз жоқ екенін білеміз. Ниетіміз – жазушы қаламынан шыққан көркем шығармаларды ғана Қазақстандағы қалың оқырманға таныстыру. Біздің білуімізше, "Пана" романы туралы ол жақта да оғаш пікір жоқ сияқты".
"АЗАТ ДҮНИЕГЕ ШЫҒЫП, ЗҰЛЫМДЫҚТЫ ӘЛЕМГЕ ТҮСІНДІРУ"
Қазақ эмиграциясының ерекшелігі жайлы бүгінгі эпизодта Шығыс Түркістанға көшкен және Шығыс Түркістаннан көшкен қазақ қайраткерлерінің басынан кешкені жөнінде шолу жасауға тырыстық. Жарты ғұмырын Қытай түрмесінде өткізген жазушы Қажығұмар Шабданұлы 2011 жылы ақпанда 86 жасқа қараған шағында дүниеден озды, ал Түркия қазақтарының ел ағасы атанған Дәлелхан Жаналтай 2012 жылы қаңтарда қайтыс болды. Тірі болғанда, сол жылы маусымда 90 жасқа толар еді. Бірі Қытайға барып, сондағы бір адамның басына жетерлік азап пен қысымды өткерді. Екіншісі Қытайдан кетіп, азат әлемге жетті. Ал көзі тірісінде Қазақстанға жете алмаған жазушының сүйегін елге жеткізу жайлы айтылғанымен, ол мақсат орындалмады.
Сөз соңын Дәлелхан Жаналтайдың "Қиыл заман – қиын күндер" кітабындағы мына бір пікірімен аяқтаймыз:
"Біз коммунизмге және коммунистерге қарсы қоғамның алынған қарары бойынша Шыңжаңды соғыс майданына айналдырмастан шет елге шығып кетуді қабыл еттік. Біздің отаннан шығып кетудегі мақсат – шет елге шығып сауда істеу немесе орын тауып таққа отыру емес. Азат дүниеге шығып, отанымызда болған басқыншылықты және зұлымдықты бүкіл әлем халқына түсіндіру еді. Екінші жағынан, келешек үшін кадрлар жетістіру, балаларды оқыту еді. Сөйтіп кең көлемді саяси күресті жалғастыру".
Бұл мақалада қысқаша баяндалған тақырыпты аудиоподкастан кеңірек тыңдауға болатынын еске саламыз.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдап, ой-пікір бөлісуге болады.
ПІКІРЛЕР